Алматыда әл-Фараби даңғылының бойында, ҚазҰУ-ға қарама-қарсы орналасқан аумақта өрт шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан өрт ошағы жолдың жоғары жағында, Ремизовка ықшамауданы маңында орналасқанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, өрттен шыққан күл Әл-Фараби даңғылы бағытына ұшып, қою түтін жол бойынан анық байқалып тұр.
Қазіргі уақытта өрттің нақты аумағы, шығу себебі және зардап шеккендердің бар-жоғы туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.
Алматы төтенше жағдайлар департаментінің редакцияға берген жауабы бойынша, қазіргі уақытта әл-Фараби даңғылының бойында, ҚазҰУ-ға қарама-қарсы орналасқан Ремизовка аумағында болған өрт толық сөндірілген.
Ведомство мәліметінше, 4 қыркүйек күні сағат 19:56-да Бостандық ауданындағы Байшешек көшесі маңында құрғақ шөптің жануы оқшауланған. Ал сағат 20:05-те өрт толық сөндірілген.
Өртті сөндіруге екі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің – №1 және №20 арнайы өрт сөндіру бөлімдерінің күштері жұмылдырылды.
Ведомствоның хабарлауынша, зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында Алматы қаласы ТЖД-ның 19 қызметкері мен 5 техникасы жұмыс істеген.