Алматыда шетелдiк ірі инвесторлар жиналды

16 Мамыр 2023, 15:24
820
Бөлісу:
Алматыда шетелдiк ірі инвесторлар жиналды
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда Азия және Тынық мұхиты аймағын дамыту институттары қауымдастығының (ADFIAP) 46-шы жыл сайынғы кездесуі басталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Конференцияға 40-тан астам елден халықаралық даму институттарының 150-ден аса көшбасшысы қатысуда.

Сессияға қатысушылар Орталық Азия елдерінің алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді және өңірдің инвестициялық және экспорттық әлеуетін іске асыру үшін даму институттарының басымдықтарын талқылады. 

ADFIAP конференциясын ашқан ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР Үкіметі атынан құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың және Қазақстан экономикасының өсуін арттыруда шетелдік инвестицияларды тартудың ерекше маңызын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық деңгейде өзара тиімді экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты белсенді қолдайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та бұл біздің мегаполис үшін маңызды оқиға екенін баяндады.

Алматыда шетелдiк ірі инвесторлар жиналды

Алматы алғаш рет даму институттарын осындай кең ауқымда қабылдауда. Қазақстан 2006 жылдан бастап Еуропалық Даму Банкінің (ЕДБ) құрылтайшыларының бірі болып табылады. Биыл біз Еуропалық Даму Банкіндегі үлесімізді 32,99%-дан 37,29%-ға дейін арттырдық. Қазір біз Еуропалық Даму Банкімен бірлесіп Алматыда Жылу электр орталығын (ЖЭО) модернизациялау, Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалын және Үлкен Алматы айналма автожолын (ҮАААЖ) салу сияқты маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз, – деді Ерболат Досаев.

Алматы – Қазақстанның мәдени, ғылыми, іскерлік және қаржы орталығы. Алматы қаласының үлесіне жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) бестен бір бөлігі (2022 жылы 18,5%) және Қазақстан Республикасы бюджетінің барлық кірісінің төрттен бірінен астамы тиесілі. Шағын және орта бизнес (ШОБ) қала экономикасының шамамен 60%-ын құрайды. Мұнда республиканың бас банктерінің 90%-ы шоғырланған, 111 халықаралық ұйым мен компаниялар орналасқан.

Конференцияның екінші күні, яғни бүгінгі арнайы сессияда спикерлер Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің инвестициялық әлеуеті мен жобаларын әлемнің ең жылдам дамып келе жатқан өңірі ретінде таныстырды.

Форумның жұмысы үш күнге – 15 және 17 мамыр аралығына жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы