Алматыдағы «Alibi City Park» демалыс саябағы қараусыз қалды. Саябақ маңайындағы жасыл желек қурап, қоқыс алаңына айналған. Қағаз беттерінде саябақ жұмыс істеп тұрғанымен, шын мәнінде сұрықсыз мекенге айналған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғындардың пікірінше, бүгінде бұл маңайда демалып, серуендеп жүру мұң болған. Себебі күзетшілер келген адамдарды кіргізбей, жекенің меншігіне бас сұқтыңыздар деп шығарып жібереді.
Наурызбай ауданына көшіп келгенімізге көп жыл болды. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы саябақ ашылған еді. 350 млн теңе қаражат бөлінді. Мезгілімен су құйылып, ағаштар күтімге алынатын. Дегенмен кейінгі жылдары бұл жұмыстар тоқтады. Саябақ қараусыз қалды, желектерге су құю тоқтады. Тіпті, шырша ағаштарының өзі сарғайып кеткен. Бұл маңайда демалатын басқа орын жоқ. Кешке балаларымызды ойнатып, демалуға осы жерге келсек, бізді кіргізбейді. Егер жекеге өтсе, әкімдік бұл жерді неге қадағаламайды? Бұл мәселені өз мойнына алған адам саябақты көркейтіп, келушілерді тарта білуі қажет, – дейді Юлия Ашихмина есімді қала тұрғыны.
Саябақтағы ағаштар қурап қалған. Жағдайдың мән-жайын анықтап, Наурызбай ауданының әкімдігіне хабарластық.
Аталған «Alibi City Park» демалыс саябағы Наурызбай ауданының әкімдігінің бастамасымен 2017 жыл бой көтерді. Дегенмен кей жағдайларға байланысты саябақ жекенің меншігіңе өтті. Қазіргі уақытта бұл демалыс орнының өз иесі бар. Ол – О.Қыдырбаев есімді азамат. Жекенің меншігіне қол сұғуға руқсатымыз жоқ. Сол себептен біз саябақтың қазіргі жағдайына жауап бермейміз, – дейді Наурызбай ауданының әкімдігіндегілер.
Әкімдіктің жауабынан кейін, саябақтың қазіргі иесіне хабарластық. Дегенмен ешқандай жауап ала алмадық. Тұрғындар саябақтың орнына жеке тұрғын үй кешені салынып, демалатын орын азайып кете ме деп қауіптеніп отыр.