Алматыда сапасыз жұмыс істеген мердігерлер лицензиясынан айырылды

29 Наурыз 2021, 20:45
1694
Бөлісу:
Алматыда сапасыз жұмыс істеген мердігерлер лицензиясынан айырылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша инженерлік желілерді салуды жүзеге асыратын компаниялар жұмыс технологиясын бұзғаны үшін жауапқа тартылады.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) шешімімен «Монолит Дизайн-2030» компаниясы лицензиядан айырылды. Сондай-ақ 800 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл компания Тастыбұлақ ықшам ауданында орталық коммуникациялар құрылысын жүргізген болатын.

Өткен жылы аталған компания жұмыста жіберген кемшіліктері үшін әкімшілік шараға тартылды. Биыл ақпан айында Тастыбұлақ шағын ауданының тұрғындары Алматы әкіміне компанияның жұмысты аяқтаған соң, жолдарды ретке келтіруді сапасыз жүргізгені туралы шағымданған еді.

Осы шағымның негізінде қайта тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша бірқатар кемшілік анықталды, материалдар компанияны лицензиядан айыру үшін әкімшілік сотқа жіберілді.

Бұрындары, Алатау ауданында инженерлік желілерді салуда бірқатар заңбұзушылыққа жол берген «Сигма» компаниясы да сот шешімімен лицензиясынан айырылған болатын. Сонымен қатар проблемалық нысандарды жүргізген бірқатар компанияның жұмыстары да қайта тексерілетін болады, олардың арасында Төле би көшесіндеі инженерлік желілерді реконструкциялаған «АГС-ПЛАСТ» ЖШС мен «Сұңқар» ЖШС бар, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, жақында Төле би-Мұратбаев көшелерінің қиылысында «AGS-PLAST» ЖШС-нің инженерлік жұмыстарды сапасыз жүргізгендігі салдарынан жол қақ айрылған еді.

Қазір бүкіл қала бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында стандарттардың сақталуына бақылау күшейтілді. Басқарма кәсіби компанияларды жұмысты орындау кезінде барлық норма мен талапты сақтауға шақырады. Тексерулер қорытындылары бойынша барлық тиісті шара қолданылады, тіпті лицензияларынан айыруға дейін.

Өзгелердің жаңалығы