Алматыда сабаққа үлгермеген студент «бомба» туралы 4 рет жалған хабарлама таратқан

27 Наурыз 2023, 11:50
767
Бөлісу:
Алматыда сабаққа үлгермеген студент «бомба» туралы 4 рет жалған хабарлама таратқан
Фото: sn.kz

Алматыда сабаққа үлгермеген студент «бомба» туралы 4 рет жалған хабарлама таратқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апта сайынғы онлайн брифингінде ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты.

Шұғыла Тұрлыбек атап өткендей, «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» сияқты қылмыстық әрекет қоғамдық тәртіпке қол сұғатын аса қауіпті қылмыстардың бірі саналады.

Бұл қылмыс өте қауіпті. Мысалы, азаматтар арасында дүрбелең мен қорқыныш пайда болады, мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың, коммерциялық құрылымдардың қызметі тоқтайды. Келіп түскен қауіптер бойынша шұғыл қызметтердің шығуы, азаматтарды эвакуациялау ұйымдастырылады, жарылғыш құрылғыларды тексеру және іздеу жүргізіледі. Көпшілік жағдайда мұндай хабарламалар расталмай жатады, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Сөзінше, Алматыда экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Жүргенов атындағы өнер академиясы колледжінің кәмелетке толмаған студентін анықтап ұстады.

Оған оқу орнында жарылғыш құрылғы орнатылғаны жайлы бірнеше рет жалған хабарлама жасады деген айып тағылып отыр. Ол ақпан және наурыз айларында колледждің қызметтік электрондық поштасына электрондық мекенжайды ауыстыру бағдарламасы арқылы төрт рет қауіп туралы хабар жіберген. Студент ұсталғаннан кейін және алынған дәлелдемелерді ұсынған соң ол оқу процесін бұзу үшін колледжде үлгермеуіне байланысты осы қылмыстарды жасағанын мойындады және нақтылады, - дейді ІІМ ресми өкілі брифингте.

ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.

Мұндай қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Мұндай жалған сын-қатерлерге күштік құрылымдардың бір шығуына 200-ден 300 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалады, ал кәсіпорындар мен сауда объектілерінің тоқтап қалуынан келтірілген залал миллиондаған теңгемен есептелуі мүмкін, - деп түсіндірді ол.

Мәселен, қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке осындай жалған хабарламалармен келтірілген материалдық залал жыл сайын 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін өзгеретіні анықталды.         

Бұған дейін полицейлер 30 жылдан бері іздеуде жүрген адам өлтірген күдіктіні ұстағаны хабарланды.

Өзгелердің жаңалығы