Алматыда Ричард атты зебраға эвтаназия жасалды

9 Қыркүйек 2022, 14:05
1112
Бөлісу:
Алматыда Ричард атты зебраға эвтаназия жасалды

Алматы Зообағында Ричард атты зебраның өмірі медицина жолымен тоқтатылды. Бұл туралы Алматы хайуанаттар бағы Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ричард – баққа келушілеріміздің ең сүйікті жануарларының бірі. Зебра 2000 жылы Словакиядағы Бойнице хайуанаттар бағында туған. 2001 жылы Алматыға әкелінген. Одан тараған жеті құлын бүгінде дүниежүзіндегі басқа хайуанаттар бағында тұрады. Ал 2018 жылы Ричардқа қатерлі ісік диагнозы қойылған, - делінген хабарламада.

Айтуларынша, ветеринарлар күрделі ота жасап, оның өмірін тағы төрт жылға ұзартуға мүмкіндік жасаған. Сондай-ақ төрт жылда Ричардтан тағы бір құлын тараған.

Бірақ қатерлі ісік ауруын толық емдеу мүмкін болмады. Жақында Ричардтың жағдайы күрт нашарлады, ағзасын жайлаған қатерлі дерт оны емдеуге мүмкіндік бермеді. Біз ауруға шалдыққан жануарды қинағымыз келмеді. Сондықтан ұжым ең қиын шешімдердің бірін қабылдауға мәжбүр болды, - деп жазды Алматы зообағы ұжымы.

Хайуанаттар бағы мен аквариумдар халықаралық қауымдастығының этикалық кодексіне сәйкес, ауруы қатты асқынған, айықпас дертке шалдыққан жануарлардың өмірі медицина жолымен тоқтатылады.

Бүгін Ричардқа эвтаназия жасалды. Сүйкімді зебра бәріміздің есімізде мәңгі сақталады, - деді зообақ ұжымы. 

Өзгелердің жаңалығы