Алматыда қызылшаның 2258 жағдайы тіркелді –эпидемиолог

13 Қараша 2023, 11:03
718
Бөлісу:
Алматыда қызылшаның 2258 жағдайы тіркелді –эпидемиолог
Фото: Қасымхан Алпысбайұлының мұрағатынан

Алматыда қызылша ауруының тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайы байқалады. Осы ретте, BAQ.KZ тілшісі Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлымен сұхбаттасқан еді.

- Қазіргі уақытта қызылшамен ауырған адамдардың саны қанша? 

- Оңтүстік астанамызда наурыз айынан бастап қызылшаның 2258 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1813 жағдай тіркелді. Ауырғандардың басым көпшілігі балалар екенін айта кеткеніміз жөн. Өткен жылы қалада қызылша мен қызамықтың зертханалық расталған жағдайлары тіркелген жоқ. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрнының немесе тамағының бөлінісімен тікелей байланыста болады. Осы ретте айта кетерлігі, қызылшаға қарсы вакцина алмаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады. Сол себептен вакцина алудан қорқудың еш себебі жоқ.

Алматыда қызылшаның 2258 жағдайы тіркелді –эпидемиолог

– Вакцина қанша жастағы балаларға егіледі, қаладағы балалардың жағдайын да айта кетсеңіз.

– Балалар арасындағы аурудың көбеюі вакцинадан бас тартудан. Сондай-ақ вакциналаудан медициналық босату және егу жасына жетпеу салдарынан тіркеледі. Бүгінде 1813 баланың 1706-ы қызылшаға қарсы егілмеген. Оның ішінде 1234 баланың ата-анасы вакцина салдырудан бас тартқан, 238 баланың медициналық қарсы көрсетілімдері бар, ал 234 бала егу жасына жетпеген. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналау екі рет жүргізіледі. Біріншісі – 1 жаста, екіншісі – 6 жаста жүргізіледі, бұл вакциналаудан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік беріледі. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді. Вакциналау тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Қалада қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды иммундау басталды. Ал медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне қызылшаға қарсы ҚЖИ жүргізу кейіннен 2023 жылғы желтоқсан мен 2024 жылғы қаңтар аралығында басталады.

– Қызылшамен ауырмаудың бірден-бір жолы вакцина алу екенін түсіндік. Қызылша белгілерін байқаған сәтте не істеу керек? Үй жағдайында емделуге бола ма?

– Аурудың белгілері денеңізде немесе балаңызда байқалса, бірден ауруханаға барып, дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Үйде өзін-өзі емдеумен айналыспау қажет. Адамдардың көпшілігі өзім-ақ емделіп, жазылып кетемін деген ойда болады. Бұл қасаң түсінік, ауруды қоздырып, қасындағы адамдарға жұқтырып алуыңыз бек мүмкін. Сол себептен дәрігерді үйге шақырып және дәрігердің нұсқауы бойынша ем алу қажет. Бұдан бөлек, қызылшамен ауырғаныңызды сезсеңіз, үйде болып, жұмыс орындарына, сондай-ақ қоғамдық орындарға бармау қажет. Әсіресе, амбулаториялық емделіп жатқан науқастар үйде оқшаулауды қатаң сақтауы керек. Сондай-ақ, ауырып жатқан балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептерге, балабақшаға жібермеу қажет. Себебі аурудың жұқпалы екенін естен шығармаған жөн. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы