Алматыда Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген кеңесі өтті

9 Қыркүйек 2022, 15:59
1070
Бөлісу:
Алматыда Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген кеңесі өтті

Құрлық әскерлерінің әскери институтында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен кеңес өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның барысында Қарулы күштердің басшылық құрамына Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауының негізгі ережелері жеткізілді, сондай-ақ әскери білім беруді жетілдіру мен әскери бөлім командирлерінің кәсіби деңгейін арттыру мәселелері де қаралды.

Кеңейтілген кеңеске Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің және әскер тектерінің қолбасшылары, әскери бөлімдердің командирлері мен әскери оқу орындарының бастықтары қатысты.

Қорғаныс министрі Президенттің мемлекет өмірінің маңызды салаларын жаңғырту, өскелең ұрпақты қолдау, денсаулық сақтау және білім беру, халыққа әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту жөніндегі реформалары қазақстандықтардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартатынын атап өтті.

Бұдан басқа, Президент пен Парламентті сайлау тәртібін өзгерту жөнінде ұсыныстар енгізе отырып, Мемлекет басшысы іс жүзінде басталған елді басқаруды демократияландыру, әр адам үшін тең мүмкіндіктері бар әділетті Қазақстанды құру жөніндегі реформаларға өзінің бейілді екенін тағы да көрсетті деді.

Әскери білім беруді жетілдіру мәселелерін қарау барысында генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери кадрларды даярлау процесінде геосаяси ахуалды, сондай-ақ әскерлердің тактикалық іс-қимылдарының ерекшеліктерін және қазіргі қарулы қақтығыстарда қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануды ескеру қажеттігін атап өтті.

Кеңейтілген кеңес соңында әскери бөлімдер командирлерінің жиындарының қорытындылары шығарылды. Үш күн бойы командирлермен қазіргі заман шындығына орай жауынгерлік іс-қимылды шұғыл әзірлеу және жан-жақты қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөнінде сабақтар өткізілді. Сонымен қатар, жиындарға қатысушылар тактикалық міндеттерді орындау, атыс және дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақтар тапсырды.

Қорғаныс министрі командирлердің өзін-өзі жетілдіруге, сондай-ақ өзінің қол астындағылар үшін барлық жағынан үлгі көрсете отырып, кәсіби деңгейін ұдайы арттыру қажет екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы