Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий ресми түрде ашылды

Крематорий Чехияда жасалған заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Бүгiн 2026, 15:36
АВТОР
 Алматы әкімдігінен Бүгiн 2026, 15:36
Бүгiн 2026, 15:36
159
Фото: Алматы әкімдігінен

Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастады. Жаңа нысан қалалық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қалалық патологоанатомиялық бюро» ШЖҚ КМК теңгеріміне берілді.

Кремация енді дәстүрлі жерлеуге балама ретінде ұсынылып отыр. Бұл тұрғындарға мәдени, діни және жеке таңдауына сай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Кешен Чехияда жасалған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда көпсатылы сүзгі жүйесі бар екі кремациялық пеш орнатылған. Екі камералы технология түтін газдарын толық жанып кетуін қамтамасыз етіп, зиянды шығарындыларды азайтады, иіс пен көзге көрінетін түтіннің таралуына жол бермейді.

Фото: Алматы әкімдігінен

Кремация қанша уақытқа созылады?

Бір кремация рәсімі шамамен екі сағатқа созылады. Қажетті температураға дейін қыздыру үдерісі 35 сағатқа дейін уақыт алады, ал толық жүктеме кезінде әр пеш тәулігіне 8 кремацияға дейін орындай алады. Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша, кремация құны 240 000 теңге болмақ. 

Кремация рәсімі қатаң регламенттелген және толық құжаттар пакеті болған жағдайда мәйітті қабылдау, міндетті сәйкестендіру, кремация жүргізу, күлді өңдеуді және туыстарына тапсыруды қамтиды. Әрбір қадам арнайы бақылаумен және құжатпен рәсімделеді.

Крематорийде кремациядан бөлек, күл салынған құтыны беріп, қоштасу рәсімдерін өткізуге арналған залдар қарастырылған. Сондай-ақ, туыстары арнайы бөлмеден рәсім барысын бақылай алады. 

Мекеме қызметкерлері шетелде арнайы оқытудан өткен. Мәйіттермен жұмыс істеу барысында санитарлық талаптар, кәсіби этика және құрмет қағидаттары қатаң сақталады. 

Фото: Алматы әкімдігінен

Айта кетейік, 2020 жылы Алматы әкімдігі крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тендер жариялаған. Ғимарат құрылысы 2021 жылы аяқталғанымен, 2022-2023 жылдары оның ашылуы бірнеше рет кейінге шегерілді. 2024-2025 жылдары нысанды балансына алатын жауапты ведомство анықталмағандықтан, ғимарат пайдалануға берілмей келді.

Наверх