2024 жылы Алматыда контейнерлік алаңдарды жаңғырту және ескі металл контейнерлерді заманауи пластикалық тереңдетілген модельдерге ауыстыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл 3 м3 контейнерлер отқа төзімді және ылғалдан қорғайтын материалдардың арқасында орналастыру алаңын азайтуды, жағымсыз иістер мен жануарлардың қол жетімділігін блоктауды, пайдаланудың ыңғайлылығын қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда қалада 1 454 контейнерлік алаң орнатылған, оның 287-і тереңдетілген.
Экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында Алматыда Еcosen және Экохаб Econetwork экостанцияларын қоса алғанда, қайталама шикізатты қабылдаудың 8 кешенді пункті жұмыс істейді. Қалдықтардың "құрғақ" фракцияларын жинау үшін 1300-ден астам торлы контейнерлер орнатылды, жыл басынан бері пластикалық және алюминий сусын банкаларын қабылдауға арналған 53 фандомат іске қосылды, - делінген ақпаратта.
"Green Recycle" ЖШС қоқыс сұрыптау кешені жылына 550 мың тоннаға дейін қалдықтарды өңдейді. 2024 жылдың 11 айында қалдықтардың 15,2% қайта өңделді, бұл 74 637 тонна қайталама шикізатқа сәйкес келеді.
Жалпы, қала аумағында тұрғындардан ҚТҚ жинау және әкету бойынша 100% қамту қамтамасыз етілген. Қалдықтарды шығару бойынша қызметтерді 21 қоқыс шығарушы ұйым ұсынады. Барлығы 283 арнайы техника жұмылдырылды.
Бұл күш-жігер әлемдік стандарттарға сәйкес келетін қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін құруға және Алматы тұрғындары үшін экологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.