"Жоқ" дегенді түсінбейтіндер: Алматыда қанша сталкерге іс қозғалды?

Алматыдағы сталкинг деректеріне шолу жасап, полиция департаментіне арнайы сауал жолдадық.

 shutterstock Бүгiн 2026, 12:48
Бүгiн 2026, 12:48
110
Фото: shutterstock

Былтыр 6 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске 115-1 "Сталкинг" жаңа бабы енгізілген Заңға қол қойды. Сол сәттен бастап өзі ұнататын қызын не жігітін, бұрынғы әйелін не күйеуін аңдығандар сталкер деп есептеліп, қылмыстық жауапқа тартылатын болды. 

Алматыдағы жағдай

BAQ.KZ-тің Алматыдағы сталкинг деректеріне шолу жасап, полиция департаментіне арнайы сауал жолдады.

Полицейлер сталкинг туралы норма азаматтарды жүйелі түрде ізіне түсу, психологиялық қысым көрсету және жеке өміріне қол сұғушылық әрекеттерінен қорғауға бағытталғанын атап өтті. 

Алматыда қанша сталкинг дерегі тіркелген? 

Алматы қаласы Полиция департаментінде 2026 жылы сталкинг фактілері бойынша 24 өтініш тіркелген, олар бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалған. 2025 жылы 1 өтініш тіркелсе, 2024 жылы мұндай фактілер тіркелмеген.

Сонымен қатар, сталкинг фактілері бойынша өтініштер түскен жағдайда, қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмаған, бірақ құқыққа қайшы мінез-құлық белгілері анықталған кезде, заңнамада көзделген профилактикалық ықпал ету шаралары қолданылады, - делінген жауапта. 

Аталған шараларға профилактикалық әңгімелесу өткізу, қорғау ұйғарымын шығару, сондай-ақ заңды негіздер болған жағдайда профилактикалық есепке қою арқылы жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу жатады.

 Сталкинг деген не? 

Сталкинг қарапайым тілмен айтқанда бір адамның екінші адамды қайта-қайта мазалап, тыныш өмір сүруіне кедергі келтіруі. Яғни адамның "жоқ" дегеніне қарамай, оны өмірде де, әлеуметтік желіде де аңдып, мазасын алатын жағдайлар кездесіп жатады. Бұл жай ғана «ұнату» немесе бір адамға «қызығушылық» емес. Егер адам сіздің шекараңызды елемей, қорқыныш немесе жайсыздық тудырса – бұл сталкинг болып саналады.

Кейде сталкинг қауіпті жағдай. Егер өміріңізде сталкер пайда болғанын байқаған жағдайда бірден жақындарыңызға айтып, полицияға хабарлау керек. 

Сталкердің жазасы

Қазақстандағы заңнамада мұндай әрекеттер үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет көзделген.

Егер сталкинг зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер ҚК-нің басқа баптары бойынша қосымша сараланатын болады.

Үйде де сталкинг болуы мүмкін 

Психолог Гүлнұр Сапарова BAQ.KZ алаңында өткен подкастта сталкинг отбасында да болуы мүмкін екенін айтқан еді

Бір отбасының мүшелері бір-біріне сталкинг жасайтын жағдайларды жоққа шығармаймыз. Өйткені жолдасы әйелін, ағасы қарындасын, інісі әпкесін сталкинг жасау, бақылау орын алады. Бұл жерде сталкингке сталкинг ретінде қаралмайды. Бұл – қамқорлықтың артына жасырылған қадағалау, - деді ол.

Маман геолокация арқылы жұбайының рұқсатынсыз оның қайда жүргенін қадағалау да сталкингке жататынын жеткізді.   

Сталкингтің соңы өлімге әкелген жағдай

Еске салайық, биыл 11 қаңтар күні Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың пышақталған денесі табылды. Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды. Оның ішінде, «Кісі өлтіру», «Мәжбүрлі некеге салу» және «Сталкинг» дерегі бар. 

Сонымен қатар, ақпанда Алматыда бұрынғы әйелін аңдыған ер адам сотталған еді. Сот материалдарына сүйенсек, ер адам отбасылық қарым-қатынасы аяқталғаннан кейін бұрынғы жұбайына тыныштық бермеген. Ер адам кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді. Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді.

Наверх