Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел қызметкерлері Алматының түнгі клубтарының біріне бас сұқты. Бұл мекеменің 20 жастағы бармені полиция қызметкерлерінің назарына іліккен болатын. Ол жұмыс орнында ұсталды. Жеке тексеру кезінде күдіктіден клиентке сатуға тырысқан синтетикалық есірткі пакеті тәркіленді. Сараптама қорытындысы табылған зат мефедрон екенін анықтады, - деп атап өтті ведомствоның өкілі.
Айтуынша, ІІМ мамандары осы мекемеге тұрақты келушінің біріне қатысты арнайы шара өткізген. Тексеру нәтижесінде орган қызметкерлері сұмдық жайттың бетін әшкере қылды.
Сонымен қатар осы клубқа тұрақты келушілердің біріне қатысты жедел және арнайы іс-шаралар өткізілді. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде тұрғын үйдегі қарапайым пәтер нашақорлардың ұясына айналғаны анықталды. Пәтерден 6 адам ұсталды. Олардың жеке басы қазір тексерілуде. Жедел қызметкерлердің айтуынша, притонның ұстаушысы порностудия да ашқан. Ол Алматының элиталық шағын ауданында орналасқан. Онда 18 және 22 жастағы екі қыз жұмыс істейтін болып шықты. Жедел тексеру нәтижесінде олардың есірткіге тәуелді жандар екені анықталды. Порнографиялық мазмұндағы бейне таратылатын webcam студиясын притон ұстаушы бірнеше ай бұрын ашқан, - деді Шұғыла Тұрлыбек.