Алматыда өздерін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері деп таныстырып, тұрғыннан ақша бопсалады деген күдікпен төрт адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 10 тамызда бір топ адам тұрғынды аңдып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушіні тапаншамен қорқытып, көлікке мінгізіп, қала сыртына алып кеткен. Кейін туысына қоңырау шалуға мәжбүрлеген. Туысы күдіктілер көрсеткен нөмірге 3 млн теңге аударған.
Іс бойынша бұрын сотталған төрт адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ дерегінше, олардың бірі бұған дейін адам өлтіргені үшін жазасын өтеген. Тінту кезінде екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрі тәркіленді.
Осындай іс Ақтөбе облысында да тергеліп жатыр. Министрліктің хабарлауынша, өзін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері деп таныстырып, тұрғындардан ақша талап етті деген күдікпен бұрын сотталған жергілікті тұрғын ұсталған.
ІІМ өзін құқық қорғау органының қызметкері деп таныстырған адамдар қорқытып немесе ақша талап етсе, дереу полицияға хабарласуға шақырды. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске салсақ, дәл осындай оқиға Павлодарда да болғанын хабарладық. Онда тұрғындарынан бір ай бойы күш қолданумен қорқытып, ақша талап еткен 6 адам ұсталды.