Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматыда Орталық Азия елдері ректорларының форумы өтті. Халықаралық жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан білім беру ведомстволарының басшылары, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.
Форум жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, білім ордаларының цифрлық трансформациясын жүзеге асыру және Орталық Азия елдерінің зерттеу кеңістігін интеграциялау мәселелерін талқылаудың бірегей алаңына айналды.
ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорлары кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов форумның панельдік сессиясына модераторлық етті. Академик өз сөзінде бүгінде әртүрлі елдердегі ғалымдардың интеграциясы білім мен ғылымдағы жетістіктің өзегі екендігін атап өтті. Бұл ретте Орта Азияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту маңызды.
ҚР Ректорлар кеңесі қызметінің негізгі бағыты халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белдеуін қалыптастыру болып табылады. Оның аясында Украина жоғары оқу орындары ректорларының кеңесімен, Қырғызстан Жоғары оқу орындары қауымдастығымен келісімдерге қол қойылды. Әзірбайжан, Венгрия, Ресей, Түркия, Өзбекстан ректорларының кеңестерімен өзара ынтымақтастық туралы келісімдердің жобалары әзірленді. Осыған байланысты 45 елдің 850-ден астам жоғары оқу орындарын біріктіретін Еуропалық университеттер қауымдастығы секілді Орталық Азия елдері ЖОО альянсы негізінде жоғары оқу орындары қауымдастығын құрған орынды. Оның аясында студенттер мен университет оқытушыларының академиялық ұтқырлығын кеңейту ұсынылады,- деп атап өтті Ерлан Сыдықов.
ҚР Ректорлар кеңесінің төрағасы өз баяндамасында Альянс аясында Орта Азия университеті қауымдастығының қатысушылары арасындағы ғылыми коллаборацияны дамытуға басымдық берілетініне назар аударды.
Орта Азия мемлекеттерінің талантты жастары мен жетекші ғалымдарын қолдау үшін Абай, Ұлықбек, Мақтымқұлы, Айни, Қасым Тыныстанов атындағы шәкіртақылар мен сыйақылар тағайындауды ұсынамын. Мұндай марапат Орталық Азия елдерінің ғылыми-білім беру кеңістігінде беделді болатынына сенімдімін, - деді академик.