Алматыда оркестрлер фестивалі өтеді

3 Қыркүйек 2019, 11:11
1822
Бөлісу:
Алматыда оркестрлер фестивалі өтеді

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда  қыркүйектің  4-5 күндері «Окестрлер фестивалі-X» өтеді. Бұл туралы қаланың Мәдениет басқармасы хабарлады.

Биылғы жылы халық және классикалық музыка мерекесі өзінің алғашқы 10 жылдық мерейтойын атап өтетін болады. Екі күн ішінде халықтық және әлемдік музыканың үздік композиторларының шығармалары орындалады.

«Бірінші күні сахнадан Дәулеткерейдің, Құрманғазының, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері және Ұлы дала халқының үздік туындылары орындалады. Екінші күні ерекше көріністер көп болады, А. Зацепиннің оңтүстік астанаға арналған «Гүл Алматым» композициясы, Ақан серінің «Балқадишасы, сонымен қатар Виктор Цой мен «Кино» тобының, Стингтің, Queen тобының, кинолар саундтректері («8 миля», «Пираты Карибского моря», «Титаник», «Крестный отец» және басқалары) бірінен соң бірі орындалады. Кішкентай тыңдаушылар да назардан тыс қалмайды, олар үшін «Король Лев», «Аладдин», «Русалочка», «Мадагаскар» және басқа да мультфильмдерден композициялар ұсынылады», - делінген хабарламада.

Фестивальға Александр Беляков жетекшілік ететін Алматы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, дирижері және жетекшісі Абылай Тілепберген қатысады.

Қала күні аясында жыл сайын өтетін Оркестрлер фестивалі - ерекше әрі есте қаларлық оқиға. Биылғы жылы аталған шара 4 және 5 қыркүйекте Республика Сарайы алдындағы Абай алаңында ашық аспан астында өтеді.
Өзгелердің жаңалығы