"Алматыда оқ атқандар жазасыз қалмасын". Депутат қару асынған жастар туралы айтты

12 Маусым 2024, 15:27
1052
Бөлісу:
"Алматыда оқ атқандар жазасыз қалмасын". Депутат қару асынған жастар туралы айтты
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Алматыда той үстінде оқ атқандарды жауапқа тарту керегін айтып, Ішкі істер министріне сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ "Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді" дейді. Өкінішке қарай, тойып секіріп, ақшаның буы ұрғандар өздерін өзгелерден биік қоятын ауруға шалдыққан. Оның емі қатаң жаза ғана. Нақты мысалы күні кеше ғана Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылында болды. Үйлену тойының құрметіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып, қаруды кезекпен алып оқ атып қызық қуған. Қымбат көлік, көп ақша заңды белден басуға мүмкіндік беретін бассыздыққа әкелмеуі керек, бұл бұлжымас қағида емес пе?, - деді депутат Мәжіліс отырысында.

Сәрсенғалиевтің сөзінше, азаматтар қаруды 90-жылдарда жүргендей қалағанынша қолданған.

Онысын абырой көріп, видео-фотосын әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл дегеніңіз Тәуелсіз елдің Заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрінісі емес пе? Абырой болғанда, қаңғыған оқтан жапа шеккен азамат жоқ. Бірақ үрейленген халықтың көңілі күпті. Себебі сіз бен біздің ата-әжеміз, ата-анамыз, бала-шағамыз, бауырларымыз, отандастырымыз жүретін көшеде қызық қуып оқ жаудыруға кім рұқсат берді? Тағы бір сұрақ, ойсыз оқ атқандар автомат пен тапаншаны қайдан алған? Әлде оларға заң, құқықтық тәртіп жүрмей ме?, - деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат бұл оқиға желіккен жастардың жәй ғана бұзақылығы емес, мемлекеттік тәртіпке, заңға ашық қарсылығы екенін айтады.

Халықтан, елдің ішкі қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығына жауапты құқық қорғау органдарынан еш айылын жимай, "Ал, не істеп аласың?" деп дөңайбат көрсетуі. Айтпақшы, азаматтардың өмірін қатерге тігіп ауылдың ортасында оқ атқандар бейнекамераға қарап кешірім сұрап, жазадан құтылып кетпеу керек. Мұндай тәсілден елдің әбден ығыры шықты. Жаман әдет жұққыш келеді. Ертең бұларға еліктеушілер шығып, атыс ұйымдастырса не болмақ?! Сол себепті бұл заң бұзушыларға заңға сәйкес шара қолдану процесі көпке жария түрде жүруге тиіс, - деді Сәрсенғалиев.

Өзгелердің жаңалығы