Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде белгілі түркітанушы ғалым Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Байырғы түркі тілі мен әдебиетін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми жиын өтті.
Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы ұйымдастырған жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің түркітанушы ғалымдары қатысты. Жиында көне түркі тілі мен әдебиеті мәселелері талқыланды.
Онлайн-конференцияның ашылуында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Түркия мемлекеттік Tүрік тілі қоғамының президенті Гүрер Гүлсевин мырзалар қатысып, сөз сөйледі.
Немат Келімбетов 1986 жылы «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» атты жинағын шығарып, қазақ әдебиеттанушылары ішінде ортақ түркі әдебиеті тақырыбын алғаш зерттегендердің бірі болды. Ол Тәуелсіздік кезеңінде де алған бағытынан таймай «Ежелгі түркі поэзиясы» мен «Қазақ әдебиетіндегі дәстүрдің жалғастығы», «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» және тағы басқа ғылыми еңбектері арқылы байырғы түркі әдебиетінің зерттелуіне қомақты үлес қосты. Немат Келімбетовтің ғылыми еңбектерімен қатар «Үміт үзгім келмейді», «Ұлыма хат», «Күншілдік» сияқты көркем шығармалары оннан астам шетел тіліне аударылды. Ол кісі педагогикалық қызметін Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде атқарды. Оның ғылымға тәрбиеленген шәкірттерінің көбі осы университетте қызмет етіп келе жатыр, - дейді университет ректоры Такир Балықбаев.
Халықаралық жиында Шәкір Ыбыраев ф.ғ.д., проф. (Қазақстан); Мехмет Өлмез проф., докт. (Түркия); Ташполот Садықов ф.ғ.д., проф. (Қырғызстан); Темірхан Тебегенов ф.ғ.д. проф. (Қазақстан); Журақузиев Нодирбек PhD докт., доц. (Өзбекстан); Елчин Ибрахимов PhD докт., доц. (Әзербайжан) сынды түрколог ғалымдар көне түркі тілі мен әдебиетінің мәселелеріне қатысты ғылыми баяндамалар жасады.
Сондай-ақ, Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкерлері Шерубай Құрманбайұлы мен Мәрлен Әділовтің «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын тілдік ерекшеліктер морфологиялық, фонетикалық және лексикалық айырмашылықтар тұрғысынан қарастырылған.
Еске сала кетейік, көрнекті түркітанушы ғалым, белгілі жазушы, талантты аудармашы, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Күлтегін, Франц Кафка сыйлықтарының иегері Немат Келімбетов бұдан он жыл бұрын 15 желтоқсан күні өмірден озған еді, алқалы жиын осы датаға орайластырып өтті.