Халықаралық балаларды қорғау күнінде Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шарада әуезді ән шырқалып, ертегі кейіпкерлері өз өнерлерін ортаға салды. Ұйымдастырушылар балаларға дайындаған сыйлықтарын табыстады.
Барлық балаларды мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл тілеймін. Баламызды елеп-ескеріп, шақырғандарына рахмет. Балам сыйлық алып, қуанып қалды. Ұйымдастырушылардың еңбегі елене берсін. Балаларымыз бақытты ғұмыр кешсін, – дейді мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Бақтыгүл Азнебакиева.
Мереке қарсаңында балалар мен ата-аналарына арналған мерекелік дастархан жайылды. Кеш қонақтары ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйде қайтты.
Мен Алатау ауданының «Бақытты отбасы» орталығынан келдім. Қала әкімдігі жыл сайын мерекелік кештерге шақырады. Кішігірім сыйлықтарын табыстайды. Сауықтыру орталығына жібереді. Баламыз үйде отырып қалмай, концерттік бағдарламаларды тамашалап жатқанына қуаныштымын, – дейді мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Балсұлу Қырықбаева.
Өкінішке қарай, елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 170 мыңнан асады.
Еске салайық, 2021 жылы Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге арналған иппотерапия жобасы іске қосылған еді.