Алматыда Мұқағали Мақатаев пен сазгер Тұрсынғазы Рахимовты еске алу кеші өтті

30 Қазан 2021, 17:16
3540
Бөлісу:
Алматыда Мұқағали Мақатаев пен сазгер Тұрсынғазы Рахимовты еске алу кеші өтті

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев пен ақын, сазгер Тұрсынғазы Рахимовты еске алу кеші өтті. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады. 

Қос тарланның шығармашылығына арналған концертке бірқатар өнер майталманы жиналды.
Сахнасы ән мен әуезге, сырлы сазға бөленген «Алатау» дәстүрлі өнер театрындағы кеш композитор Тұрсынғазы Рахимовтың 70 жылдығына арналған. Еске алу концертін қалалық Мәдениет басқармасы, сондай-ақ Семей қаласы әкімдігі қатар ұйымдастырып отыр.

Бүгінгі концерт Тұрсынғазы ағамыздың әндерінің шығу тарихының хронологиясынан, яғни жас күнінен бастап шығарған әндерінен басталады. Бүгінгі шарада ағамыздың Семейден келген әнші шәкірттері өнер көрсетеді, – деді Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина.

Көп қосыла шырқайтын «Сәби болғым келеді» әнінің сазын жазған Тұрсынғазы Рахимов болатын. Биыл 90 жылдығы аталып өтіп жатқан Мұқағали шығармашылығын кең дәріптеген композитор ақиық ақынның 35 өлеңіне ән шығарғанын да айта кету керек. Композиторлық қырын Мақатаев туындысымен танытқан әншіні еске алу кеші де тегіннен тегін бұлай аталған жоқ.

Бүгінгі келген жастардың бәрі – оның көзін көрген, жанында жүріп әнін үйренген шәкірттері. Қазақ халқы барда, Тұрсынғазы ағамыздың есімі мәңгілік жасай береді, – дейді ҚР еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев.

Бүгінгі еске алу кешіне еліміздің бірқатар өнер майталмандары да қатысты. Елдің жүрегінен орын алған әнші-композитор артынан 100-ге тарта ән-мұра қалдырды.

Өзгелердің жаңалығы