Алматыда мектеп түлектеріне тегін байқау өткізілді

29 Қараша 2022, 18:26
829
Бөлісу:
Алматыда мектеп түлектеріне тегін байқау өткізілді

«Білім және мансап» халықаралық конференциясы аясында Ұлттық тестілеу орталығы Алматы қаласында мектеп түлектері үшін тегін байқау сынақтарын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

23-25 қарашада өткен шараға 2 500 астам жоғары сынып оқушысы қатысты. Жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-2023 жаңалықтарымен таныстыру мақсатында Алматыда тегін байқау сынақтары ұйымдастырылды. Кез-келген бала қалауы бойынша байқау сынағынан өтіп, өз білімін тексеруге мүмкіндік алды.

«Байқау сынағын өткізу негізгі ҰБТ технологиясына сәйкес келеді. Яғни, талапкерлерге биыл IT-мамандыққа түсу үшін міндетті болып табылатын «Математика-Информатика» пәндерінің комбинациясы қолжетімді болды. Сонымен қатар болашақ студенттер тест тапсырмаларының өзгертілген құрылымымен де танысты», – деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Сонымен қатар конференция аясында ҰТО басшысы алматылық оқушылармен кездесіп, ҰБТ-2023 өзгерістері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің тапсырмасына сәйкес Ұлттық тестілеу орталығы өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алматыдағы мектеп бітіруші сыныптардың оқушыларымен сөйлесіп, тестілеудегі жаңалықтар туралы сұрақтарына жауап бердім. Осы оқу жылында министрлік негізгі емтиханның барлық жаңалықтарын оқу жылының басында, яғни қыркүйекте жариялау туралы шешім қабылдағанын атап өткім келеді. Бұл болашақ талапкерлердің ҰБТ-ға жақсы дайындалуына көмектеседі деп ойлаймыз», – деді Руслан Емелбаев.

ҰБТ-2023 жаңалықтарын түсіндіру және кәсіптік бағдар беру мақсатында өңірлік жоғары оқу орындарымен бірлесе мектеп түлектерімен кездесулер ұйымдастыру жұмыстары басталды. 

Осы уақытқа дейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде кездесулер өтті.

Жалпы, ақпараттық жұмыспен 10 мыңнан астам білім алушы қамтылды. Айта кету керек, кездесулер облыстардың аудан орталықтарында да өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы