Алматыда мүгедектердің кіруіне жағдай жасалмаған 44 нысанға ескерту берілді

12 Маусым 2020, 14:42
2469
Бөлісу:
Алматыда мүгедектердің кіруіне жағдай жасалмаған 44 нысанға ескерту берілді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 2019 жылы мүгедектердің әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруі бойынша 70 нысанға тексеріс жүргізілді. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов брифинг барысында айтты.

А. Нарматов департамент өз құдіреті шегінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау заңының іске асырылуын, соның ішінде мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз кіруін сол нысандарға барып қолжетімділігін бақылау арқылы қамтамасыз ететінін айтты. 
Департамент 2019 жылы 70 нысанға тексеріс жүргізді. Оның ішінде 17 тексеріс  жоспардан тыс, 41 жоспарлы болды. Одан бөлек аудандық прокуратуралармен бірге 12 тексеріс жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша көптеген ереже бұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, ол пандустардың болмауы және нысанда бар пандустың стандартқа сай келмеуі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көлік тұрағының жоқтығы. Нысандарда көзі көрмейтін адамдарға қажетті тақтайшалардың қойылмауы, арнайы жол белгілерінің жоқтығы және санитарлық-гигиеналық бөлімдердің болмауы,-дейді ол. 
Сонымен қатар, ол тексеріс нәтижесі бойынша анықталған олқылықтарды жою бойынша 44 нысан басшысына ұйғарым берілгенін жеткізді. 
3 субъектіге жалпы сомасы 270 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 530 250 теңге толығымен өндірілді. Бүгінгі таңда 28 нысандағы кемшіліктер толықтай жойылды. 16 нысан бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр,-деді департамент басшысы. 
Сондай-ақ, ол жыл басынан бері 13 медициналық нысанға тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында тағы да кемшіліктер анықталғанын айтты. 
13 нысанның басшыларына ұйғарым мен олқылықпен күресу үшін 3 айлық мерзім берілді. Осы аралықта кемшілікті түземейтін болса әкімшілік жауапкершілікке тартылады. ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау заңына сәйкес мүгедектердің әлеуметтік және инфрақұрылым нысандарына қолжетімді жағдай жасалмаған жағдайда лауазымдық адамдарға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субектілеріне 120, орта кәсіпкерлік субектісіне 200, ірі кәсіпкерлікке 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады,-дейді  Айдынжан Нарматов.

Өзгелердің жаңалығы