Алматы көшелері LRT құрылысына дайын ба? Қаладағы жағдайды көзбен көрдік

Құбырлар әкелініп, траншеялар қазылып, рельс төсеу басталған. Бірақ жоба бағытының кей бөлігінде құрылыс әлі басталмаған.

18 Қыркүйек 2026, 12:56
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина 18 Қыркүйек 2026, 12:56
18 Қыркүйек 2026, 12:56
211
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Биыл Алматыдағы LRT құрылысының алғашқы кезеңі басталды. Бұған дейін Бауыржан Момышұлы мен Төле би көшелеріндегі құрылыс қалай жүріп жатқанын баяндап, фоторепортаж әзірлеген болатынбыз. Бұл жолы LRT-ның тағы бір бағыты – Алматы вокзалынан басталатын жолында құрылыс басталған не басталмағанын анықтап қайттық.  

Құрылыс жұмыстары әзірге Төле би және Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында қарқынды жүріп жатыр. Бұл Төле би мен Абылайхан көшесінің қиылысқан тұсы. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Бұл көшеде құрылыс әзірге Абылай хан даңғылына дейін қазу жұмыстарымен тоқтап тұр. 

Ал Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында құрылыс қызу жүріп жатыр. Көшеде арнайы рельстерді қою жұмыстары басталған. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

 Көшенің бойына арнайы трубалар әкелінген.

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Жолдың орта бөлігі қазылып, құрылыс алаңына айналған.

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Кейбір учаскелерде жер асты инфрақұрылымын жүргізуге арналған траншеялар қазылған. Құрылыс аймағында түрлі диаметрдегі құбырлар қойылған.

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Төле би көшесінің бойындағы жұмыстар жобаның белсенді кезеңге өткенін көрсетеді.

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Ал Абылай хан даңғылына бет алғанымызда бұл аймақта әзірге ешқандай құрылыс басталмағанын байқадық. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Бұл көшедегі LRT жобаға сәйкес Алматы-2 вокзалынан басталады. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алайда бұл аймақта да белсенді құрылыс басталмаған. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Бұл аймақта көлік ағыны да жоғары. LRT құрылысы белсенді басталған уақытта жүргізушілер көшені айналып өтіп не ұзақ уақыт кептелісте тұрып қалуы мүмкін. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Жергілікті тұрғындар онсыз да тар көшенің ортасын қазса, екі бағытта көліктердің өтуі қиынырақ бола түсе ме деп отыр. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Дегенмен LRT құрылысы аяқталғанға дейін қала тұрғындары мен жүргізушілерге уақытша қолайсыздықтарға бейімделуге тура келеді.

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина
 
Бұған дейін Алматыда LRT жобасын жүзеге асыру аясында Абылай хан даңғылының кей учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектелген болатын. 
 
Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Мысалы 10 қыркүйек сағат 22:00-ден 11 қыркүйек сағат 06:00-ге дейін Мақатаев пен Мәметова көшелерінің арасындағы учаскеде көлік қозғалысы толығымен жабылған. 

Алайда Абылай хан даңғылының Мақатаев көшесімен қиылысқан тұсында да ешқандай құрылыстың белгілері байқалмады. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Жөндеу жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері де жоқ. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Әлеуметтік желіде алматылықтар LRT құрылысына байланысты түрлі пікір айтады. Бірі қажет емес десе, енді бірі жолаушылар үшін пайдалы жоба деп жатады. 

Жобалық шешімге сәйкес, LRT бірінші желісінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Б. Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады. Одан әрі желі Б. Момышұлы көшесімен Төле биге, Төле би көшесі арқылы шығыс бағытта Абылай хан даңғылына, одан әрі «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылған.

LRT бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мерзім қажетті көлемдегі жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін.

Наверх