Алматы, BAQ.KZ. Алматыда саршұнақ аязға қарамастан суға түсетіндердің маусымы басталды. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.
Жылдағы дәстүрден жаңылмағандары Медеу шатқалына келіп арнайы орнатылған бөшкеге түседі. Қақаған қыста суға шомылу үшін психологиялық тұрғыдан тәуекел қажет, дейді мамандар. Егер сырқаттанып қаламын деген күдік басым болса түспеген жөн. Суға тұрақты түрде түсетіндердің бірі Бауыржан Исабаев Медеуге арнайы бөшке орнатылғалы бері шомылуды әдетке айналдырғанын айтады.
Өзімнің денемді шынықтыру үшін осы суға түсіп, бойымды сергітіп аламын. Денсаулықты нығайтуға көмектеседі. Суға түспеген адамдарға бір рет көрсін дегім келеді. Мұнда бүкіл жағдай жасалған – дейді Бауыржан Исабаев.
Соңғы уақытта Медеу демалыс орталығына әкімшілік тараптан ерекше көңіл бөлініп келеді. Табиғаттың әсем көркі мен тау етегіндегі сурет тәріздес көріністер турситер мен тұрғындарды өзіне еріксіз тартады.
Жыл сайын Алматыға келіп тұрамын. Қыс мезгілінде салқын суға шомылу дәстүрге айналып кетті. Жаңа ғана суға түсіп киініп алдым. Көңіл-күйім өте тамаша. Энергиям тасып, жігерленіп тұрмын, – дейді қала тұрғыны Руслан Қармасов.
4 жыл бұрын орнатылған бөшкеге су таудың 320 метр тереңдігінен ағып жатыр. Судың температурасы +20 градус. Мамандардың айтуынша, бұлақ суының адам денсаулығына пайдасы көп. Себебі, емдік қасиеті бар тұзды судың тері, буын сырқырауы және түрлі аллергиялық ауруларға емдік әсері мол. Мұнда тәулігіне 760 м куб су ағады екен. Бір бөшкенің көлемі шамамен 80 литр.