Алматы, BAQ.KZ. Желіде өзіне қол жұмсап, көпірден секірмек болған қыздың видеосы тарады.
Видеоны түсірген куәгерлер көпірден секірмек болған адамның құтқарылғаны жайлы баяндайды. Сондай-ақ бейнеден жол үстіндегі көпірде бірнеше адамның жүргені және жол ортасында бірнеше полиция көлігі тұрғанын байқауға болады.
Алматы полициясы аталған оқиғаның бүгін 16 сәуір күні болғанын мәлімдеді. Таңғы сағат 6:49 кезінде полицияға қоңырау соғылған. Куәгер Саин көшесінің Абай мен Шаляпин ортасындағы жол үсті көпірінде жас қыз өмірімен қоштасқысы келетінін айтқан.
Оқиға орнына жедел түрде патруль полициясының бірнеше экипажы жіберілді. Құтқарушылардың жұмысына кедергі келтірмес үшін көшедегі көліктің айналып өтуін ұйымдастырды. Соңында қыз құтқарылды, - дейді Алматы Полиция департаментінің өкілі Салтана Әзірбек.
Белгілі болғандай 1996 жылы туған бойжеткен көпірден секірмек болған. Әуезов ауданы ПБ-на жеткізілген ол мұндай қадамға баруға жұбайымен арада болған ұрыс себеп болғанын айтқан.