Алматыда көпбалалы және аз қамтылған тұрғындарға пәтер кілті тапсырылды

16 Желтоқсан 2020, 13:50
1769
Бөлісу:
Алматыда көпбалалы және аз қамтылған тұрғындарға пәтер кілті тапсырылды

Алматы, BAQ.KZ. Тәуелсіздік күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Шаңырақ» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша баспаналы болған жаңа қоныс иелерін құттықтады.

Алматы қаласындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 372 тұрғыны жаңа пәтерлерді иеленді. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша Наурызбай ауданындағы «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенінен 232 пәтер берілді. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді несиелер арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету  мақсатында әзірленген.

«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасының «жалдамалы тұрғын үй» бағыты бойынша кезекте тұрған 140 адам пәтер кілттерін алды. Түрксіб ауданының «Жас қанат» ықшам ауданында 80 пәтер, Алатау ауданының 13-ықшам ауданында 60 пәтер берілді.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аз қамтылған отбасылардағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Пәтер кілттерін тапсыру рәсімінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жиналғандардың барлығын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, бүгінгі игі шараның символикалы екенін атап өтті және жаңа қоныс иелеріне бақыт тіледі.

Алматыда көпбалалы және аз қамтылған тұрғындарға пәтер кілті тапсырылды

Тәуелсіздік күнінде баспаналы болу - зор қуаныш. Үйлеріңізде әрқашан бейбітшілік, қуаныш пен тыныштық орнасын! Қоныс тойы құтты болсын! - деді Сағынтаев.

Жыл басынан бері Алматыда пәтерге мұқтаж 2184 отбасы баспанаға ие болды. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 289, «Бақытты отбасы» – 376, «Шаңырақ» – 250, «Алматы Жастары 3.0» – 1000, «ТҮҚЖБ-ның несиелік тұрғын үй желісімен» – 360 адам.

Өзгелердің жаңалығы