Алматыда «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өтті

29 Наурыз 2019, 11:12
3037
Бөлісу:
Алматыда «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлттық мұрамызды ұлықтап, төл мәдениетімізді жаңғыртуға бағытталған «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өтті. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Мақсат – Қазақ елін мекендейтін түрлі этнос өкілдері мен халықтардың салт-дәстүрін насихаттау, ұлттық мәдениетті нығайту, өскелең ұрпақты отбасы құндылығын бағалай отырып құрметтеуге, мейірбандық пен ұлттық кодты сақтауға тәрбиелеу және талантты жастарды анықтау.

Фестивальға еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің қоғамдық бірлестіктері мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының ұжымы мен мектеп оқушылары қатысты. Атап айтқанда, байқауда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері өз өнерлерін көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар, шарада Ұйғыр аналар одағы, Орыс мәдени орталығы, Неміс мәдени орталығы, Татар-башқұрт қоғамдық мәдени орталығы, Украин мәдени орталығының және Алматы облысы Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің, Жамбыл облысы Жуалы мен Қордай аудандарының өнерпаздары да сынға түсті.

Сан талантты тоғыстырған байқаудың ашылу рәсімінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Білім мен ғылымның қарашаңырағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастама танытуымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, мерейін таcытуға бағытталған бірегей шара. Бұл фестиваль – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды қадірлеуге, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге үндейді. Қазақ елінде тұратын түрлі этнос өкілдері мен халықтардың салты мен төл мәдениетін насихаттауға бағытталған бұл байқау алдағы уақытта да дәстүрге айналатынына кәміл сенімдімін», - деді Гаухар Алдамбергенова. 

Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы турда қатысушылар бесік тақырыбында театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынса, екінші кезеңде «Киелі бесік» тақырыбындағы халық әндерін орындады. Олардың қатарында бесік жырлары, ана әлдиі мен бесік туралы әндер бар.

Қатысушылардың өнері театр қойылымының ақпараттық насихатталуы, бұрын зерттелмеген тың идеяны көрсету, декорация, костюм және актерлік шеберлік сынды бағыттар бойынша бағаланды. Ал музыкалық бағытта әннің сөзі мен әуенінің сапалылығы, шығарманың күрделілігі, орындаушының сахналық киім үлгісі мен мәдениеті назарға алынды. Қазылар алқасының құрамында мәдениет қайраткерлері, ақын, жазушылар мен танымал өнер жұлдыздары бар.

Фестиваль қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің ұжымы үздік атанып, бас жүлдеге ие болды.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің өнері қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып бірінші орынға ие болды.

Ал екінші орын Украин мәдени орталығы мен Жамбыл облысы Жуалы ауданының өнер ұжымдарына бұйырды.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Жамбыл облысы Қордай ауданының өнерпаздары үшінші орынға табан тіреді.

Сонымен қатар, арнайы ынталандыру сыйлығымен Орыс мәдени орталығы, Неміс мәдени орталығы және Алматы облысы Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің қатысушылары марапатталды.

Фестиваль жеңімпаздары арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Өзгелердің жаңалығы