Алматыда кенеге қарсы дезинфекциялық өңдеу жұмыстары басталды

29 Наурыз 2023, 02:22
1160
Бөлісу:
Алматыда кенеге қарсы дезинфекциялық өңдеу жұмыстары басталды
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласында 2023 жылғы 29 наурыздан бастап жалпы ауданы 2424,54 га болатын орманды алқаптарда, қала саябақтары мен скверлерде кенелерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының 1 кезеңі басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңдеу жұмыстары 8 орманды алқапқа (көлемі - 1904,924 га), 144 қала саябақтары мен скверлерге (көлемі – 519,616 га) және ауа-райына байланысты (құрғақ, жауын-шашынсыз күндері) кестеге сәйкес 2023 жылғы 29 наурыздан 28 сәуірге дейін жүргізіледі. Кене энцефалитіне қарсы күрестің нәтижесі сапалы болуы үшін өңдеу жұмысы  екі кезеңде (2 кезең - мамыр, маусым айларында) атқарылады.

Дезинсекциялық іс-шараны қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарының тікелей бақылауымен «Алматы қаласының дезинфекция орталығы» филиалы іске асырады. Жасақталған дезбригадалар қажетті құралдармен, көліктермен және жеке қорғаныш заттарымен жабдықталған.

Кене энцефалитіне қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін «Фаворит» акарицидтік препараты қолданылады. Препараттың уы аз және қауіптілігі төмен санатқа жатқызылады (3-4 класс). Кенелермен күресу үшін қолданылатын дозалар ең аз және адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз болып табылады. Өңдеу жұмыстары таңғы сағаттарда жүргізіледі. Өңделетін аумақтардың шекараларында «Кенеге қарсы өңдеу жүргізілуде» деген ескерту хабарламалары бар тақталар орнаталады. 

Сондықтан, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала тұрғындарына келесі сақтық шараларын ұсынады:

  • акарицидты препараттың ерітіндісін денеге немесе киімге тигізіп алмас үшін, кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілген жерлерден қашықтау жүру керек;
  • жердегі шашыратқан препараттар құрғағанша үй жануарларын өңдеу жұмыстары жүргізілген аймаққа  жібермеу керек;
  • өңдеу жұмыстары жүргізілген жерлерден 40 күн бойы саңырауқұлақтарды, шөптерді немесе жидектерді жинауға және пайдалануға болмайды;
  • қала тұрғындары мен қонақтары кенеге қарсы өңдеу кезінде және одан кейін 3 күн ішінде саябақтарға, скверлерге және табиғи аймақтарға бармағандары жөн.
Өзгелердің жаңалығы