Алматыда «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты кітаптың таныстырылымы өтті

30 Қазан 2020, 19:48
4589
Бөлісу:
Алматыда «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты кітаптың таныстырылымы өтті
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Аталған еңбекті журналист Ержан Жаубай мен психолог, психология ғылымдарының кандидаты Нұргүл Молдабайқызы бірлесіп жазған.

Бұған дейін көп қаламгер бара қоймаған тың тақырыпқа арналған еңбекте қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен ойындарының психологиялық мәніне талдау жасалған. Сондай-ақ халқымыздың сан ғасырлық дүниетанымының қорытындысы, өзегі болған салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары, ырым-тыйымдарының психологиялық астарына ғылыми тұрғыда талдау жасалды. Соның негізінде ұлтымыздың бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, ерекше мән бергені, әр салтында, әр ойынында психологиялық терең астар жатқаны нақты көрініс тапқан.

Авторлардың айтуынша, кітапқа 90-ға жуық салт-дәстүр мен 20-дан астам ұлттық ойын топтастырылған. Оған қоса кітапқа енген салт-дәстүр, ұлттық ойындар бұған дейін халық ауыз әдебиеттерінде, жекелеген әдебиетшілердің, этнографтардың жинақтаған еңбектерінен іріктеліп алыныпты.

Алматыда «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты кітаптың таныстырылымы өтті

«Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың мың әні» дегенді жинап біз жинап алдық. Бірақ «Қазақтың мың салт-дәстүрі» қалып кетті. Кейін осы тақырыпта телебағдарлама ашқым келіп 500-дей салт-дәстүрді жинадым. Онда салттың астары, оны қай кезде қолдану керектігімен қоса жиналып, дайын тұр. Жақында психолог Нұргүл осы салт, ырымдарды талдап көрсек қайтеді деп ұсыныс жасады. Содан тал бесіктен жер бесікке дейінгі, осының астарында халыққа берері бар-ау деген 120 салтты теріп алдық және ұлттық ойындарды да қостық, - дейді Ержан Жаубай.

Шара бараысында психолог Нұргүл Молдабайқызы аталған кітап еліміздің әрбір ғылыми кітапханаларына жеткізілгенін айтып өтті.

Бұл кітап оқырмандарға ойлануға сауал тастайды. Біз кітапқа енген 100-ден астам салт-дәстүрдің әрбірінің психологиялық мәнісін ашуға тырыстық. Әлі мыңдаған салт бар, олардың психологиялық мәнін бірігіп ашуымыз керек, - дейді ол.

Кітаптың таныстырылымына арнайы келген психология ғылымдарының докторы, профессор Мұқан Берілбеков, «Номад» қоғамының басшысы Бұлбұл Кәпқызы, Ана тілі газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жылқытанушы, ғалым Ихсан Қайрат кітапқа қатысты өз ойларымен бөлісіп, бұл кітаптың ұрпақ тәрбиелеуде таптырмас дүние екенін атап өтті.

Алматыда «Қазақтың жазылмаған психологиясы» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Қазақтың әр сөзі, мақалы ол ғылыми дисертациялық жұмыстың түйіні. Мысалы, қазақ «жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ, аспанда тіреу жоқ, таста тамыр жоқ» деп айтады. Олар солай қабылда деген жоқ, психологиясын, философиясын айтқан. Көрдіңіз бе қазақ психолог, философ болған. Олар физиологияны, ветеринарияны оқыған жоқ. Бірақ осының барлығының бар екенін ауыз екі тілде айтып кетті, - дейді ғалым Ихсан Қайрат.

Кітап «Мұқаба» баспасынан 5100 данамен шықты.

Өзгелердің жаңалығы