Алматыда «Қасиетті домбыра» байқауы өтті

2 Желтоқсан 2021, 22:30
2172
Бөлісу:
Алматыда «Қасиетті домбыра» байқауы өтті

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығыны орай Алматыда «Қасиетті домбыра» байқауы өтті.

Байқауға қаланың сегіз ауданындағы мектептерде өткен аудандық байқауда жеңімпаз атанып, қалалық сайысқа жолдама алған 100-ден аса жас өрен өзара өнер көрсетті.

Байқаудың мақсаты – қазақ домбырасын насихаттау, қала мектептеріндегі дарынды жас домбырашыларды іріктеу және анықтау. Жас домбырашылардың кәсіби өсуіне, музыка саласында өзін-өзі жетілдіруге, музыкалық шеберлігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашу. Ұлттық мәдениеттің дамуын өзектендіру. Тәуелсіздік үшін жасалынған құндылықтарды әрі қарай дамыту, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру.

Қала мектептерінде, ауданда және қала бойынша өткен байқау сахнасында домбырамен жүздеген ән-күй орындалып, мыңдаған жастың рухын көтерді. Желтоқсаншы ардагерлер ақжарма тілектерін арнап, өнерпаз жастарға ақжол тіледі. Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғаса бермек. Домбыраны серік еткен өрендер барда, ұлтымыздың ән-күйі жоғалмақ емес.

«Қасиетті домбыра!» атты өнер байқауы дәстүрлі ән, жеке және топтық орындаудағы күй орындау аталымдары бойынша өтті.

Аудандық байқауларда жеңімпаз атанып, қалалық ақтық сынға жолдама алған өнерпаздардың қай қайсысы да болашағынан үміт күттіретін өрендер. Қалалық байқауға жолдама алған 18 дәстүрлі әншілер арасынан Әуезов ауданындағы №123 мектеп оқушысы Амантай Ұлас бірінші орын алып, ноутбук сыйлығына ие болды. Екінші орынды Жетісу ауданындағы №177 мектеп-гимназия оқушысы Серікболұлы Нұрбек планшет сыйлығын, үшінші орын алған Жетісу ауданындағы №177 мектеп-гимназия оқушысы Нұрбек Нұрбаев пен Бостандық ауданындағы №40 мектеп оқушысы Асқар Әділхановтар смарт сағатқа ие болды.

Күй тарту аталымы бойынша жеке орындаушылар арасында аудандарда жеңімпаз атанған 14 өнерпаз өзара сынаққа түсіп, Наурызбай ауданынан қатысқан Қантбай Шыңғыс бірінші орын, Алатау ауданынан Мәди Қыдырбеков екінші орын, Бостандық ауданының күйшілері Жанкелді Нұрланұлы мен Раян Кенжебекұлы үшінші орынды иеленді.

Күй тарту аталымы бойынша оркестрмен қатысқан 6 топтық орындаушылардың (6 топ барлығы 75 адам) үздігін анықтау өте қиын болды. Қазылар алқасы ақылдаса келе, барлық оркестрді бір деңгейде бағалап, бірдей сыйлықпен марапаттауға шешім қабылдады.

Жетісу ауданының үш тобы - №137 мектеп-гимназияның «Назқоңыр» ансамблі, №148 мектеп-гимназияның «Құлагер» оркестрі және №110 мектеп-гимназияның «Кәусар» ансамблі, Медеу ауданы № 159 мектеп домбырашылар ансамблі, Алатау ауданындағы №110 мектеп-гимназияның «Балдәурен» ансамблі және Бостандық ауданындағы №22 мектеп-гимназияда оқитын өзге ұлт өкілдерінен құралған «Достық» домбырашылар ансамблі бір-бірінен бөліп жаруға келмейтін шебер орындаушылар екенін көрсетті.

Байқау барысында қазақтың қара домбырасы тек қазақ ұлтының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығын тудырып, оны орындаушылар қатарының артқанын байқатты.

Байқаудың домбыраны серік еткен барлық қатысушылары Дипломмен және сыйлықтармен марапатталды.

Ең бастысы, «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, жастардың өнерін паш етуіне мүмкіндік жасалып, рухтарына рух қосылды. Байқау ұлтымыздың ғасырлар үнін, Ұлы Даланың жоғалмас сарынын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті қара домбыра үні ешқашан үзілмейтінін паш етті. Тиегі киелі, сағасы жүйелі, шанағы шежіре, құлағы тарих, пернесі қазына, қасиетті қара Домбырамыз жасай берсін деген тілекпен байқауымыз мәресіне жетті, - дейді шара ұйымдастырушысы Жаңыл Әпетова.

Шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр» қоры ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы