Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының Көктөбе-2 саябағында карантиндік шектеулерге қарамастан аттракционды іске қосқан кәсіпкер жауапқа тартылып, 319 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Иксан Көбеев мәлім етті.
Осыдан бірнеше күн бұрын тұрғындар түсірген саябақтағы жағдаймен біз де таныспыз. Бұл факт бойынша тексерілу жүргізілді. Нәтижесінде шектеуге қарамастан карантин кезінде жұмысын жандандырған "Алтын Алма" жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты санитарлық талаптарға бағынбау жөнінде хаттама толтырылып, 115 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл - 319 мың теңге. Кәсіпкер оның жартысын төледі, - деді департамент басшысының орынбасары.
Осыған дейін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Алматыда аумағы 2000 шаршы метрден асатын 15 нысанның санитарлық талаптарға сай болмай шыққаны туралы айтылған еді.