Алматыда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 25,4%-ға төмендеді

8 Сәуір 2022, 09:32
2060
Бөлісу:
Алматыда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 25,4%-ға төмендеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматының бас полицейі Қанат Таймерденов халық алдында есеп беру кезінде айтты.

Полиция департаментінің басшысы өз баяндамасында қаладағы қылмыстық ахуал тұрақты әрі бақылауда екенін айтты. Оған қоса қаладағы криминогендік жағдай, полицияның қылмысқа қарсы күресте қолданып жатқан жаңашылдықтары мен ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру бойынша атқарылып жатқан істер жайлы баяндады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2020 жылмен салыстырғанда қылмыстардың тіркелуінің 4 пайызға төмендеуіне қол жеткіздік. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы пандемия кезінде қатаң локдаун барысында қылмыс 50%-ға азайған болатын. Осыған қарамастан, статистика барлық салада қылмысты азайтудың жақсы үрдісі бар екенін көрсетіп отыр, – деді Таймерденов.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 25,4%, қылмыстардың қайталануы 11,5%, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар 18,9% төмендеген. Сондай-ақ ол қылмыстың азаюына өткен жылы жүргізілген бірқатар іс-шара әсер еткенін жеткізді.

Бұл полицияның модульдік бекеттерін орнату және пайдалану, жаяу патрульдерді күшейту, сондай-ақ саябақ аумағында электрокармен патрульдеу жұмыстарын жүргізуді қамтиды. Біз еліміздің Әкімдігі мен Ішкі істер министрлігінің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтарының өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін барлық шараларды қолданып жатырмыз. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттердің барлығын дерлік орындадық, – деді Алматы полициясының басшысы.
 

Өзгелердің жаңалығы