Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Елбасының тапсырмасы бойынша тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жөнінде бір ай бұрын басталған «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы аясында қазірдің өзінде 140-тан астам адам жұмысқа тартылды.
Алты баланың әкесі, III топтағы мүгедек Айбек Қанапиянов өткен жылдың аяғында жұмыссыз қалған еді. Алматының еңбекпен қамту орталығына жүгінген ол Sunrise Group қоғамдық ұйымына жұмысқа тұрды.
«Біздің ұйым көзі нашар көретін мүгедектерге қолдау көрсетумен айналысады. Мен әлеуметтік қызметкер ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарды күнде аралап шығамын, жағдайларын біліп, дәрі-дәрмектерін апарып беремін. Одан соң олардың барлық өтініштерін басшылыққа жеткіземін. Жұмысым оңай, бірақ жауапты. Іске өз үлесімді қосқанымды сезінемін», - деді Айбек Қанапиянов.
Өз кезегінде бес баланың анасы, I топтағы мүгедек Әсел Жахина «Ақниет Үміті» атты мүгедектердің қоғамдық бірлестігіне мүсінші болып орналасты.
«Біздің цехта барлық өнім мүгедек жандардың қолымен жасалады. Шеберлер мрамормен, гипспен, балшықпен, металлмен жұмыс істейді. Барлығымыз ресми түрде еңбекпен қамтылғанбыз, салық төлеуші болып табыламыз, зейнетақы жүріп жатыр. Жұмыстың бұл түрі мүмкіндігі шектеулі жандарға адаптациядан, реабилитациядан өтуге, көпшілікпен араласуға мүмкіндік беруде», - деп атап өтті ол.
Айта кетерлігі, жоғары оқу орындары мен колледждер түлектері, оның ішінде тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардан шыққандар жастар практикасына қатысып, мамандығы бойынша алғашқы тәжірибелерін жинақтай алады. Мысалы, колледж түлегі Ардақ Серік United Citizenz Found қоғамдық қорында аудармашы.
«Аударма мен кітап шығарудан өзге біз тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың балаларына шетел тілдерін үйретеміз. Жастар практикасы бұл жұмыста тәжірибемнің жоқтығына қарамастан, қабілетімді кеңінен ашуға мүмкіндік берді», - деді Ардқ Серік.
Бұрындары Алматыда аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету бойынша «Бақытты отбасы» арнайы бағдарлама қабылданған еді. Оның құрамында жеңіл ипотека, оқушылар мен студенттердің стипендиялары, аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін екінші баласынан бастап тегін бала бақша, еңбекпен қамту, аналар Орталығын ашу және басқалары бар.
Алматының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жұмыссыз жүрген кез-келген қала тұрғынының Еңбекпен қамту орталығына жүгінсе, жұмысқа орналаса алатынын еске салады. Ол үшін жұмыс іздеушінің жеке куәлігі және қалада тіркеуі болуы тиіс. Мекенжайы: Назарбаев даңғылы 50, Анықтама телефондары: +7 (727) 224 20 00; +7 (727) 221 66 11.