Алматыда халық наразылығынан кейін тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтады

26 Наурыз 2021, 11:17
1447
Бөлісу:
Алматыда халық наразылығынан кейін тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтады

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімдігі бұрынғы «Жеміс консерві комбинаты» аумағында құрылыс салу жобасын қайта қарап, оны тоқтату туралы шешім шығарды. 

Қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, Жандосов көшесі  94, 94/16, 94/8; Кекілбайұлы к-сі, 6; 20-линия к-сі, 39 мекен жайы бойынша жер учаскесін салу жобасы тоқтатылды.

Халыққа қызмет көрсету объектілері бар көп пәтерлі тұрғын үй кешенін салуға арналған жобалау алдындағы құжаттама кері қайтарып алынды. Басқарманың ұсынысы бойынша құрылыс салушы құрылыс тығыздығын, қалалық инженерлік желілерге түсетін жүктемені ескере отырып, жаңа эскиздік жобаны әзірлейді және ұсынады. Құжат жобасы барлық қажетті процедуралардан, соның ішінде қоғамдық талқылаулардан өтеді, - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, құрылыс салушы эскиздік жобада әлеуметтік объектілердің, оның ішінде жалпы білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі білім беру объектілерінің болуын көздеуі қажет. Осылайша, Алматы ауданындағы құрылысқа жол берілмейді. 

Айта кетсек, алматылықтар «Жеміс консерві комбинаты» аумағына үй салуға наразылық танытқан. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Алматыда қала орталығындағы құрылыс жобаларын сынға алып, қаланың тығыздығына, экологиясын  көңіл бөлуді тапсырған еді.

Өзгелердің жаңалығы