Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалы биылғы жылы 6-7 шілде күндері Алматыда өтеді.
1991 жылдан бастау алатын аталмыш мемориал биыл 29-рет ұйымдастырылғалы отыр. Қосанов мемориалы жыл сайын Алматының Орталық стадионында өтеді және Азия құрлығындағы ірі жеңіл атлетика додасының қатарына енген. Сондай-ақ, турнир Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы мен Азия жеңіл атлетика қауымдастығының күнтізбесіне енген.Биыл турнирге 11 мемлекеттен 200-ден аса спортшы қатысады деп күтілуде. Қосанов мемориалына қатысушы мемлекеттер: Қазақстан, Грузия, Иран, Кувейт, Қырғызстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, бейтарап спортшы Дарья Клишина. Ғұсман Қосанов мемориалы алдағы Олимпиада ойындары мен қыркүйекте Дохада өтетін әлем чемпионатына лицензиялық турнир саналады.
Айта кетейік, Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті.
Ол 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға ие болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреген.