Алматыда ескі үйлердің бой көтергеніне ғасырға жуықтаған. Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде Алматыда 1930-1960 жылдары салынған 1,3 мыңнан астам ескі көп пәтерлі үй бар, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғындарының пікірінше, ескі үйлердің келбетін сақтап, жаңарту қажет. Тарихи нысандарды бұзу өткенімізді өшіреді дейді.
Меніңше, ескі үйлерді бұзудың қажеті жоқ. Мен бұған қарсымын. Жаңарту жұмыстары жүргізілсе, бұл үйлер жанданып кетер еді. Жастық шағымыздың естелігі болған үйлердің кейбірін сақтап қалғанды құп көремін. Қараңызшы, барлық үй жаңарса, ескі Алматының ізі де қалмайды ғой. Осы ретте қала әкімдігіне тарихи нысандарды сақтап қалуларын өтінемін, – дейді Лариса есімді қала тұрғыны.
Тұрғын үй қорын жаңартудың 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы бекітілгеннен кейін, бірінші кезеңде 708 тозығы жеткен үйді бұзып, 678 көпфункционалды тұрғын үй салу жоспарланып жатыр.
Бағдарламаны әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы «Алматыгенпланмен», салалық сарапшылармен және жұртшылықпен бірге әзірлеп жатыр. Жаңа бағдарламада тұрғын үй мен жер учаскелерін жаңарту ғана емес, қалалық экожүйені дамыту да көзделген. Бұл ретте апатты үйлердің тұрғындарын жаңа пәтерлерге қауіпсіз көшіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ қаланың эстетикалық сәулеттік келбетін қалыптастыру жоспарланып отыр, – дейді Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында жаңарту бағдарламасы осы жылдың қыркүйек айында бекітілуі мүмкін екенін айтты. Бұған дейін ол әзірленген жаңарту бағдарламасының соңғы сатысында екенін атап өткен болатын.
Негізгі принциптер өзгеріссіз қалады: ескі үйді бұзу үшін оның барлық тұрғындарының келісімі қажет. Меншік иелеріне бұзылғандардың орнына баламалы тұрғын үй ұсынылады. Әкімдік инвестициялық тартымсыз учаскелерде орналасқан ескі үйлерді бұзуды өз мойнына алады, қалған үйлер бойынша бағдарламаны іске асыру инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылады, – деді қала әкімдігі.