Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда ер адам жолаушы қызға қырындап, кейін шабуыл жасады

18 Маусым 2025, 16:15
5463
Бөлісу:
 2GIS
Фото: 2GIS

Әлеуметтік желіде қоғамдық көлікте ер адамның жолаушы қызға шабуыл жасағаны көрсетілген бейнежазба тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, мас күйдегі ер адам автобус ішінде жас қызға тиісіп, өзін дөрекі ұстаған. Ол бастапқыда қарсы алдында отырып, оның аяғын тепкілеп, өзіне айтылған ескертуге құлақ аспаған. Қыз одан әрі байланыстан қашу үшін басқа орынға ауысқанда да, ол тынышталмаған. Кейінірек жас қыз базар маңындағы аялдамадан түскен кезде, ер адам оның артынан түскен.

Көшеде ол қызға айқайлап, қолынан ұстап, телефон шалып жатқанда оны тартып алуға тырысқан. Жағдайды ушығып кетуден өтіп бара жатқан адамдардың уақытылы араласуы ғана тоқтатқан.

Алматыда ер адам жолаушы қызға қырындап, кейін шабуыл жасады
Фото: видеодан скриншот

Жәбірленуші полиция шақыру үшін телефонын алып шыққанда, ер адам бірінші келген автобусқа мініп, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін қыз полиция мен прокуратураға арыз жазды.

Осы жайтқа байланысты Алматы қаласы полиция департаменті BAQ.KZ тілшісіне түсініктеме берді.

Аталған факт бойынша тексеру жүргізілуде. Оқиғаның нақты мән-жайлары мен қатысушылардың тұлғалары анықталуда. Заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатын болады, – деп хабарлады полициядан.

Өзгелердің жаңалығы