Алматы қаласының Бостандық ауданында үйлену тойына дайындық кезінде болған отбасылық жанжалдың соңы пышақ жарақатымен аяқталды.
Оқиға сауда орталықтарының бірінің автотұрағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мен болашақ жұбайының туған ағасы арасында жанжал туындап, оның барысында күдікті қарсыласына пышақпен дене жарақатын салған.
Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнынан көп ұзамай жедел ұстады. Оның автокөлігін тінту барысында қылмыс құралы ретінде қолданылды деген пышақ табылып, тәркіленді. Айғақты заттар қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Жарақат алған азамат ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу аясында қажетті сот сараптамалары тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанжалға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.