Алматыда дзюдодан халықаралық командалық Jenys Cup турнирі өтеді

5 Желтоқсан 2023, 19:55
561
Бөлісу:
Алматыда дзюдодан халықаралық командалық Jenys Cup турнирі өтеді
Фото: - Архив

Алматыда 21 желтоқсан күні тұңғыш рет дзюдодан ерлер арасындағы халықаралық командалық «Jenys Cup» турнирі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының төрінде өткізілгелі отырған бұл жарысты қазақстандық «Jenys» спорт клубы ұйымдастырып жатыр.

Командалық турнир 66кг, 73кг, 81кг, -90кг, +90кг салмақ дәрежелеріндегі ерлер арасында өтеді. Бүгінгі күнге жарысқа Қазақстан, Түркия, Франция, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Моңғолия, Испания елдерінен 17 клуб тіркелген. Жарыс ережесі бойынша әр салмақ дәрежесінде командалар бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша кездеседі.

Қатысушылардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары Лука Майсурадзе (Грузия), Тато Григалашвили (Грузия), Шалва Гурешидзе (Грузия), Сомон Махмадбеков (Тәжікстан), Басху Йондонпэрэнлэйн (Моңғолия) және әлемдік Grand Slam, халықаралық дәрежедегі турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Одхюгийн Цэцэнцэнцэнгэль (Моңғолия), Якуб Шамилов (Ресей), Айбек Серікбаев (Қазақстан), Шахрам Ахадов (Өзбекстан), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан), Ходжазода Бехруз (Тәжікстан), Карамат Гусейнов (Әзірбайжан) бар.

«Jenys Cup» турнирінің жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды: 1 орын - 30 мың АҚШ доллары, 2 орын - 20 мың АҚШ доллары, екі 3 орын әрқайсысы 10 мың АҚШ долларын сыйақы алады. Сонымен қатар жарыс барысында үздік дзюдошы, үздік командалық спортшы анықталып, арнайы қаржылай сыйлықтар табысталатын болады.

Жарыс 21 желтоқсан күні сағат 9:00-де басталады. Тікелей көрсетілім «Qazsport» телеарнасында ұйымдастырылмақ. Байрақты бәсекеге кіру тегін.

Өзгелердің жаңалығы