Алматы қаласының Түрксіб ауданында серуендеуге арналған 3 жаңа орын ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласының Түрксіб ауданын абаттандыру аясында ағымдағы жылы Молдағалиев көшесі мен Чехов көшесіндегі жаяу-серуендеу аймағы аяқталды, сондай-ақ №6 Оқушылар үйінің жанындағы саябақ қайта реконструкциялынды. Бұл жобалар Сауранбаев көшесінде бұрын жабдықталған серуендеу аймағының жалғасы.
Аудан тұрғыны Нұрсұлу Оразбекованың айтуынша, Молдағалиев көшесіндегі жаяу-серуендеу аймағы жайлы, кешке де жақсы жарықтың арқасында серуендеуге ыңғайлы. Ол мектептен кейін немерелерімен бұл жерде жиі қыдырады.
Әкімдік «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Ағымдағы жылы Түрксіб ауданы үшін 82 жобаны іске асыруға 1,5 млрд теңге бөлінді.
Бүгінде аулаларды жарықтандыруды, ойын алаңдарын салуды, тереңдетілген қоқыс контейнерлерін орнатуды және жаяу жүргіншілер көпірлерін жөндеуді қоса алғанда, 58 нысан аяқталды.
Қараша айының соңына дейін тағы 24 жобаны аяқтау жоспарлануда, оның ішінде ойын алаңдарын салу, жаяу жүргіншілер көпірлерін жөндеу және жаяу жүргіншілер мен серуендеу аймақтарын абаттандыру.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін әуежай алаңына жөндеу жұмыстары аяқталады, оның аясында фонтан, суару жүйесі орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылады.