Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қазір Алматыда коронавирустың екінші толқынына арналған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дәрі-дәрмек, маскалардың дәріханалар мен емханаларда болуын қадағалап, күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Қазіргі кезде дәрілер мен маскалардың тапшылығы байқалмайды.
Биыл шілде айынан бастап Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда тұрақтандыру қоры құрылған. Осы қорға Алматы бюджетінен 10 млрд теңге бөлінді, оның 5 млрд-ы дәріханалардағы дәрі-дәрмекті қамтамасыз етуге, қалғаны емханаларды дәрімен қамтуға бөлінді, - дейді ол
2021 жылдың 31 қаңтарына дейін дәріханаларға жалпы 40 млн дана дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар әкелу жоспарланған.
Бүгінгі таңда 33 млн дана дәрі-дәрмек жеткізілген және 14,7 миллионы нарықта сатылған. Қазір жеткізушілер мен фарм компанияларда 18,4 миллион дәрі-дәрмек бар. Тұрақтандыру қорының келісімшарты бойынша келесі жылдың 31 қаңтарына дейін фарм компаниялармен қосымша 11,3 млн дана дәрі-дәрмек жеткізіледі. Оған қоса "СҚ-Фармацияның" да екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар, - дейді Заңғар Сәлімбаев.