Алматыда былтыр егілген ағаштар шетінен қурап жатыр

15 Маусым 2021, 10:01
2704
Бөлісу:
Алматыда былтыр егілген ағаштар шетінен қурап жатыр

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда өткен жылы қарашада егілген талдар шетінен қурап жатыр. Мұндай көріністі қаланың әр аумағынан байқауға болады.

«Хабар 24» телеарнасының мәліметінше, өткен жылы Алматыда 65 мың жас ағаш отырғызылған. Бүгінгі күні олар шетінен қурап жатыр. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазып, тиісті мекемелерден жауап сұраған. Ал Жасыл экономика басқармасы болса, қураған көшеттерді жаңасына алмастырамыз дегенді айтады.

Шевченко мен Әуезов көшесінің қиылысындағы талдар былтыр күзде отырғызылған. Алайда бір жылға жетпей қурап жатыр. Мұндай көріністі қаланың өзге аудандарынан да көруге болады. Себебі қарашада жерсіндірілген көшеттер уақытылы суарылмайды, - дейді алматылықтар.

Тіпті тіршілік нәрін қанып ішпегендіктен, көп жылғы үлкен ағаштар да сарғылт тарта бастаған.

Қалалық Жасыл экономика басқармасының мәліметінше, биыл көктемде 50 мың ағаш егіліпті. Жыл соңына дейін жалпы 350 мың ағаш отырғызылады. Жасыл желектер орта есеппен аптасына бір рет суарылып отырады екен. Суарумен 100-ден астам жұмысшы айналысады. 40-тан аса техника тартылған. «Басқармадағылар судан тапшылық жоқ» дейді.

Жасыл экономика басқармасы жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің бас маманы Нұркен Ақмырзаның айтуынша, жас көшеттердің ерте солуына судан басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.

Өткен жылы егілген талдардың қурап қалуына әртүрлі жағдай әсер етуі мүмкін. Ол көшеттердің орнына осы күзде жаңадан жас талдар отырғызылады. Көшенің бойындағы шіріген ағаштар мен қураған талдарды аудан әкімдіктері қайта егетін болады. Ауаның ластануы да ағаштардың қурап кетуіне әсер етуде, - дейді ол.

Жасыл экономика басқармасының өкілдері жыл сайын көшет егуге қала бюджетінен қанша қаражат бөлінетінін айтпады. Тау етегінде орналасқан Алматы үшін ағаштың маңызы ерекше. Қалада адам санынан ағаш саны аз. Қазір мұнда 2 миллионнан астам жасыл желек бар. Оның жарты миллионға жуығы күтіп, баптауды талап етеді, ал 80 мыңға жуығы апатты жағдайда.

Өзгелердің жаңалығы