Астанада өтіп жатқан III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Университеті (БҰҰ Университеті) арасында Алматы қаласында Өңірлік интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтының (UNU-CRIS) қызметін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды.
Келісімге сәйкес Институттың штаб-пәтері Алматы қаласында орналасады. Аталған бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болып саналады.
Институттың Алматыда орналасуы БҰҰ жүйесінің Қазақстандағы институционалдық қатысуын нығайтуға, халықаралық ғылыми және академиялық байланыстарды кеңейтуге, отандық жоғары оқу орындарының зерттеу әлеуетін арттыруға, сондай-ақ қазақстандық ғылыми қауымдастықтың жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдасуына ықпал етеді.
Бұл бастама Алматының Орталық Азиядағы халықаралық академиялық және сараптамалық орталық ретіндегі орнын нығайту, жетекші шетелдік университеттермен, халықаралық ұйымдармен және ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Жалпы келісімге қол қою Қазақстанның көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына бейілділігін және Біріккен Ұлттар Ұйымымен серіктестікті нығайтуға, ғылым мен жоғары білімді дамытуға, сондай-ақ еліміздің халықаралық беделін арттыруға бағытталған жүйелі саясатын айқындайды.