Алматының Жетісу ауданында бұрынғы «Рахат» базары орналасқан аумақта абаттандыру жұмыстары басталды. «Барахолка» аумағындағы бұл базар тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген.
Аумақты босату соттың заңды күшіне енген шешімдері негізінде жүзеге асырылды. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 150-ден астам кәсіпкер басқа орындарға көшіріліп, оларға көршілес базарлардан жеңілдетілген шарттармен сауда орындары ұсынылды.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлер сауда контейнерлерін шығарып, кейбір нысандарды өз бетінше бұзған. Босатылған аумақты қайта жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр.
Жоба аясында мұнда көгалдандырылған қоғамдық кеңістік, демалыс аймақтары мен тұрғындарға арналған жайлы инфрақұрылым салу жоспарланған. Сонымен қатар аумақтың бір бөлігінде автотұрақ ұйымдастырылып, ауданның көлік қолжетімділігін жақсарту көзделіп отыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар тұрғындар мен қала қонақтары үшін қауіпсіз әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында жүргізілуде.