Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов онлайн брифингте мемлекеттің қажеттілігі үшін қалада 9,8 млрд теңге сомасына 159 жер учаскесі алынғанын мәлімдеді.
Соның арқасында қаладағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар 14 объекті аяқталған.
Мемлекеттік қажеттілік үшін алынған жер телімдері бойынша жыл соңына дейін жеті нысанды аяқтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Олар Абай даңғылымен Яссауи көшелерін Алматы қаласының шекарасына дейін созу, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында көлік жолайрығын салу, Алмалы ауданында Абай даңғылының солтүстігінде, Байзақов көшесінің батысында орналасқан әкімшілік ғимараттың құрылысы, Бостандық ауданында бас жоспарды жүзеге асыру, - деді ол.Сонымен қатар «Мәдениет» шағын ауданындағы жол құрылысы, Түрксіб ауданы Читинская көшесіндегі кәріздік сорғы станциясының құрылысы жүріп жатқанын жеткізді.
Оған қоса қоғамдық орта ұйымдастыру мақсатында қаланың тарихи орталығында орналасқан 9 учаскені алып қою жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ шаруа қожалығынан бағбандыққа жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша Алатау ауданының Рахат, Мәдениет, Алғабас және Теректі шағын аудандары тұрғындарының 755 өтініші қанағаттандырылған. Яғни жерді нысаналы мақсатына тұрғын үйлерді пайдалану үшін қолдануға мүмкіндік берілген.
А. Самамбетов өз бетімен иеленген жер учаскелеріне қатысты мәселелер қаралып жатқанын айтып өтті.
Бұл мәселе бойынша Алатау ауданында 2 учаске, Жетісу ауданында 37, Наурызбай ауданында 33, Медеу ауданында 9 және Түрксіб ауданында 9 учаске бар. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғасуда, - деді ол.Айта кетейік, дауға айналған ҚазҰУ-дың жер теліміне қатысты сот аяқталғаны хабарланды.