Алматыда биыл бірнеше жаңа балабақша ашылады

21 Мамыр 2021, 12:22
3295
Бөлісу:
Алматыда биыл бірнеше жаңа балабақша ашылады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте Алматы қаласы білім Басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қалада салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысы жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, қалада «Алматы-2025» дамыту бағдарламасы және басқа да стратегиялық жоспарлар аясында пандемияға қарамастан барлық бағытта тоқтаусыз жұмыс жалғасып келеді. Балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатында қалада білім беру нысандарын салудың арнайы бағдарламасы қабылданып, бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.

Қала халқының жыл сайынғы өсуімен ең кішкентай қала тұрғындарының саны - мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар саны да өсуде. Бүгінгі таңда қалада білім беру нысандарының белсенді құрылысы жүріп жатыр, олардың қарқынын өткен жылдармен салыстыруға келмейді. Осы жылы Наурызбай ауданында «Ақжар» және «Таусамалы» шағын аудандарында жалпы 240 орындық 2 балабақша құрылысы аяқталады. Бұрын бұл жерде балабақша болмаған. Бостандық ауданында бос алаңдардың тапшылығы байқалады, сол себепті 120 орындық жаңа балабақша мектеп аумағында ашылады,-дейді ол.

Түрксіб ауданының салынып жатқан «Жас Қанат» шағын ауданында қазірдің өзінде 600-ден астам бала баратын 2 балабақша жұмыс істейді екен. Алайда, бұл шағын аудан құрылысы жалғасуда, сондықтан мұнда 280 орындық тағы бір балабақша салу туралы шешім қабылданыпты.

Сонымен қатар ол босаған орын-жайлардың базасында бірнеше балабақшаны ашу бойынша жұмыс істеліп жатқанын айтты.

Мысалы, осы жылы Әуезов ауданында бұрын жалға берілген 315 орындық балабақша өз жұмысын бастайды. Онда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Бостандық ауданының «Орбита» шағын ауданында бұрынғы балалар үйінің ғимаратында 2 мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда, олардың әрқайсысы 320 орынға арналған. Осындай жобалық қуаты 320 орындық тағы бір балабақша әуежай ауданында салынады,-дейді Қайрат Жұманов.

Жетісу ауданында Ратушный көшесі 139 бойынша бұрын жеке меншікте болған 280 орындық жаңа мемлекеттік балабақша ашылған. Сонымен қатар ол 2022-2023 жылдары тағы 10 балабақша құрылысын жобалау жұмыстары басталғанын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы