Алматыда бірінші сыныпқа қабылдану үшін 25 009 өтініш түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжаттарды қабылдау 1 сәуірде басталған.
2021-2022 оқу жылында Алматы қаласында бірінші сыныпқа 31 046 бала түссе, 2022-2023 оқу жылында – 32 938 бала өтініш жазған. Жалпы өтініш 1 тамызға дейін қабылданады, - дейді Алматы қалалық әкімдігі.
1-сыныпқа қабылдау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету электронды форматта "Электронды үкіметтің" egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Даярлық деңгейіне қарамастан, мектепке маңында (шағын учаскеде) тұратын барлық бала қабылданады. Әрі балаларды мектепке өздерінің шағын аумағы бойынша ғана емес, бос орындар болған жағдайда кез келген басқа мемлекеттік мектепке де тіркеуге болады, - дейді ведомство.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдан бастап оқушылар мектеп асханаларында тегін тамақтанады. Бұл тізімге 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасыдан шыққан 5-11 сынып оқушылары кіреді.