Алматыда бір аптада коронавирус инфекциясын жұқтырудың 187 жағдайы анықталды

5 Желтоқсан 2022, 19:27
1211
Бөлісу:
Алматыда бір аптада коронавирус инфекциясын жұқтырудың 187 жағдайы анықталды

Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соған қарамастан, оның айтуынша, мегаполистегі жағдай тұрақты, «жасыл» аймақта орналасқан.

СЭБД статистикасына сәйкес, соңғы аптада КВИ жұқтыру жағдайының 1,2%-ға аздап өскені байқалады. Осылайша, өткен 7 күнде 155 жұқтыру жағдайы анықталса, осы жолы 187 жағдай тіркелді. Ковид науқастарына арналған төсек-орындарының 100 000 адамға шаққандағы толтырылу деңгейі 9,2 (27 адам) немесе бөлінген 450 төсек-орынның 6%-ы.

 Соңғы 7 күнде инфекцияның негізгі ошақтары ретінде сауда нысандары – 33,3%, қоғамдық көліктер – 41,6%, базарлар – 5,4%, басқа өңірлерге сапарлар – 6,5% болды, - деді Ә.Қалықова.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, отбасында науқас адаммен байланыс– 7,1%, туыстары мен көршілеріне бару кезінде – 3,0%, жұмыс орнында  – 3,0% жұқтыру жағдайлары анықталған.  Ауру жұқтырғандардың көпшілігі 20-39 жас аралығындағылар – 46,5% жағдай. Одан кейінгі орында 40-59 жас аралығындағы азаматтар – 22%, сондай-ақ 60 және одан жоғары жастағылар – 16%.

Балалар мен жасөспірімдер арасында бұл вирусты жұқтыру деңгейі әлдеқайда төмен: 1 жасқа дейінгі балалар – 6,4%, 14 жасқа дейінгілер – 4,3%, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар – 6,9%.

Брифинг соңында Ә.Қалықова 6 ай сайын белсенді түрде вакцинация алу керектігін, адам көп жиналатын жерлерден аулақ болуды, ал келушілер көп жиналатын қоғамдық орындарда болу қажет болған жағдайда медициналық бетперде киюді, әлеуметтік қашықтықты және жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес берді. 

Айта кетейік, Алматыда індет басталғаннан биылғы 4 желтоқсанға дейін коронавирустық инфекцияның 257 522 жағдайы тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы