Алматыда Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы аталып өтті

15 Қараша 2019, 18:45
3259
Бөлісу:
Алматыда Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы аталып өтті

Алматы, BAQ.KZ. Күміс көмей, жезтаңдай әншінің құрметіне арналған концерт Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.

Концертте қазақстандық және шетелдік композиторларының ариялары, халық әндері және романстер орындалды. Аты аңызға айналған әншінің дауысын есту үшін жиналған әншінің өнеріне тағзым етушілер Бибігүл Төлегеноваға ыстық ықыластарын білдіріп, құттықтау білдірді. Концерттік шара барысында әріптестері мен шәкірттері де өнер көрсетті. Семей облысының тумасы Бибігүл Төлегенова өзінің өнегелі өмір жолында мұғалім де болған, Қазақ радиосында да жұмыс жасап, фильмдерге де түскен еді. Бибігүл Төлегенованың репертуарында тек қана қазақтың халық әндері ғана емес, сонымен қатар шетелдік классикалық шығармалар да бар.
Әлі күнге дейін қолымнан келгенше еліме пайдамды тигізгім келеді. Өйткені мен сахнаға шығып, ән айтқанда қаншама адам осында отырып, нәр, күш алып кетті. Мен үшін сол – өте үлкен дәреже. Содан артық ештеңе жоқ. Әрдайым ел алдында тіземді бүгіп, иіліп сәлем берген сайын халыққа сүйсінетінмін. Жасым үлкейген сайын халық аяғынан тік тұрып, мені қарсы алады. Одан өткен бақыт, одан үлкен байлық жоқ, – дейді КСРО және ҚР Халық әртісі Бибігүл Төлегенова.
Мерейтой концертте халықтың ыстық ықыласына бөленген Бибігүл Төлегенова сахнаға өзі шығып, Абай Құнанбаевтың "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындады. Жезтаңдай әншінің жасы ұлғайғанымен, әлі де құдіретті талантына тәнті болған көрермендер ду қол шапалақ ұрудан шаршаған жоқ. 
Концерттің осы Құрманғазы атындағы консерваторияда өтуінің өзіндік ерекше себебі бар екен. Мұнда Бибігүл Төлегенова білім алып, қазіргі уақытқа дейін студенттерге сабақ берген. 
Ұлыларымызды дәріптеп, осы қазіргі жастарға үлгі насихат болатындай қылып жеткізу керек. Соның бірі, әрине, біздің ақ жарқын, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Ахметовна Төлегенова. 90 жылдығы құтты болсын апамыздың. Мерей жасы ұзақ болсын. Осы 90 жылдықтың қарсаңында көптеген іс-шаралар жүріп жатыр, - дейді Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев.


Өзгелердің жаңалығы