Алматыда бедеулікті емдеуге арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

1 Қараша 2019, 11:42
3216
Бөлісу:
Алматыда бедеулікті емдеуге арналған халықаралық конференция өтіп жатыр
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда ҚР денсаулық сақтау министрінің қатысуымен "Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: Қазіргі жағдайы мен болашағы" XI Халықаралық конгресі өтіп жатыр.

Жиын барысында бедеуліктің дамуына әкелетін аурулардың алдын алу мәселелері, бедеу некені диагностикалау мен емдеудегі АМСК рөлі айтылды. Сондай-ақ, ҚРТ орталықтарының клиникалар және жалпы тәжірибелі дәрігерлермен, уролог-андрологтармен, генетиктармен өзара жұмыс істеу мәселелері талқыланды. 

Аталған мәселе бедеулікке шалдыққан ерлі-зайыпты жұптарды ерте диагностикалау мен оңтайлы емдеу бойынша кешенді жұмысты ұйымдастыруда маңызға ие екені айтылды. Конференция барысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов науқастарды тіркеу бойынша жаңа ереже енгізілетінін айтты.

бед2.jpg

Біз әр бағыт бойынша тіркеу жұмыстарын жүргізсек уақыт пен ресурсты жоғалтамыз. Сондықтан қазір Парламент Мәжілісінде осы бағыт бойынша заң жобасы талқыланып жатыр. Жаңа кодекс қабылданса келесі жылдың шілде айынан бастап барлық медицина жұмысшылары жазбаларды тек электронды нұсқада толтырады. Яғни барлық медициналық қызмет электронды нұсқада толтырылады. Мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекеменің бірыңғай мәліметтер платформасында тіркеледі. Бұл еліміздегі ЭКО орталықтарда тіркелген науқастардың деңгейін біліп, сараптама жасап отыру үшін қажет, - деді министр. 

Мамандардың айтуынша, бедеуліктің жиілігі орташа алғанда 15 пайызға тең және жақын арада бұл көрсеткіш төмендемейді. Диагностикалаудың заманауи әдістерінің дамуы бедеуліктің негізгі себептерін жеткілікті деңгейде дәл табуға және оны емдеудің әдістерін анықтауға мүмкіндік береді. Жағдайлардың 40% пайызына жуығында бедеулік ерлердің репродуктивті жүйесіндегі патологиямен байланысты екен, ал, 30 пайызы – аралас бедеулік.

бед.jpg

"Соңғы ондаған жылда әлемде бедеуліктің түрлі формаларын емдеуде үлкен тәжірибе жиналды. Қазіргі кезде бар тәсілдердің көбі Қазақстанда ойдағыдай енгізілген. Эндовидеохирургия, диагностикалау мен емдеудің гормоналдық әдістері заманауи деңгейде дамып, қауіпсіздігі және тиімділігі жоғары дәрілік препараттар тіркеліп жатыр. Андрология, медициналық генетика, эмбриология мен молекулярлық биология тез қарқынмен дамып келеді. Бұның бәрі қосалқы репродуктивті технологияларды тәжірибеге белсенді түрде енгізуге жол ашты", - дейді профессор Вячеслав Локшин. 

бед3.jpg

Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми және клиникалық орталықтарының жетекшілері, Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Израиль, Испания, Италия, Үндістан, Қырғыз Республикасы, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Түркіменстан, Чехия мен Жапонияның репродуктивті технология саласындағы жетекші мамандары қатысуда.


Өзгелердің жаңалығы