Алматыда азық-түліктің қымбаттауына не себеп?

20 Қазан 2022, 13:39
1115
Бөлісу:
Алматыда азық-түліктің қымбаттауына не себеп?

Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде әкімдік қаладағы бағаны ұстап тұру үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесуге келген тұрғындардың бірі қалада азық-түлік бағалары күн санап өсіп жатқанын, әкімдік бағаны ұстап тұру үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын сұрады. Тұрғынның сөзінше, жыл басында келісі 230 теңге тұрған күріштің бағасы қазір 470 теңгеге жеткен. 

Биыл бұл мәселе біз үшін басты қиындық болып отыр. Кеше Қонаев қаласында Мемлекет басшысы  азық-түлік инфляциясы 20%-ға жеткенін айтты. Бұған әсер ететін көптеген фактор бар. Геосаяси жағдай мен жанармайдың қымбаттауы секілді объективті себептері бар. Қала көп нәрсені сырттан алады. Өңірлермен келісімге келіп жатырмыз. Алматы облысы мен аудандары көкөністер мен күріш жеткіземіз деді, - деп айтты Ерболат Досаев. 

Алматы әкімі қала тарапынан жыл соңына дейін 85 мың тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын бекітілген бағада сату бойынша келісімге келгенін айта кетті. Қант, қарақұмық және күрішпен қамтамасыз етуге әкімдіктен 6,4 млрд теңге қарастырылған. 

Қазір Сауда министрлігі бірыңғай баға қою туралы келісімге келіп жатыр. Қаламыз өз квотасын алады. Бағаның әділ қойылмауына  делдалдық тізбек негізгі мәселе болып отыр. Қалада базарлар негізгі жеткізушілер екенін айта кету керек. Кешенді шаралар әзірленді, келер жылы қаңтардан бастап жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Негізгі міндет – жеткізу тізбегінен делдалдарды неғұрлым шығару. Бүгінде олар тек қаланың өзінде бағаға 40-50 пайыз қосып отыр”, - деді қала әкімі.

Өзгелердің жаңалығы